ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢҒЫРУ КЕЗЕҢДЕРІ
Елбасының Қазақстанның тәуелсіздік алуы мен оның нығаюына қосқан ерен еңбегін ешкім жоққа шығара алмаса керек. Мемлекеттің аяғына тұрып, әлемдік аренада өз орнын ойып алуына еткен еңбегі жайлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз кітаптары мен шығармаларында да жазды. Ол өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында төмендегідей жазады.
«1990-шы жылдардың басы – алғашқы жаңғыру кезеңі. Мемлекет экономикалық, әлеуметтік және саяси-қоғамдық салаларда «үшжақты транзитті» жүзеге асырды. Біз жаңа саяси жүйе құрып, нарықтық қатынастардың тетіктерін қалыптастырдық, құқықтық мемлекеттің іргетасын қалап, қоғамдағы этностық және діни келісімді нық орнықтырып, әлемді мойындаттық. Қазақстандықтардың алдына қойылған 1992 жылғы алғашқы Стратегия міндеттері толығымен орындалды. ТМД елдері арасында аласапыран мен азамат соғысының жалынына шарпылмай, экономикалық дағдарыс пен кедейшілікке, ішкі жанжалдарға, қылмыстың күшеюіне ұшырамаған мемлекеттер некен-саяқ. Біз барлық апатты айналып өту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап бақтық.
Екінші жаңғыру тоқсаныншы жылдардың үшінші ширегінде басталып, 2010 жылдың орта тұсында аяқталды. Біз экономиканы өсу жолына шығарып, мемлекеттік институттардың заманауи жүйесі мен орта тапты қалыптастырдық, тіршілік сапасын айтарлықтай жақсартып, жаңа астана салдық, елдің теңдестірілген және жауапкершілікке толы сыртқы саясатқа негізделген халықаралық беделін нығайттық, сондай-ақ оның өңірлік көшбасшы екенін дәлелдедік.
Тәуелсіз Қазақстан екі әлемдік дағдарыстан зардапсыз, айтарлықтай шығынсыз өте білді: біздің мемлекетіміздің мықтылығы оның әл-ауқатының көтерілуімен дәлелденді. 2012 жылы біз «Қазақстан-2030» стратегиясының барлық міндеттерін мерзімінен бұрын орындап, әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына және даму деңгейі орташа елдер тобына ендік. Сол жылдары мен жаңа мақсаттарға негізделген «Қазақстан-2050» стратегиясын жасап: алдымызға әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосылу міндетін қойдым».