ҚАЗАҚСТАНДА АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

1993 жылы қоғамдық қозғалыстар өкілдерімен болған әңгіме барысында Елбасы Н.Назарбаев оларды жалпы талқылаулармен және салғыласумен ғана айналыспай, ортақ иігілікке әсер ететін пайдалы идеялар ұсынуға шақырды.

Қазақстандағы үкіметтік емес үйымдар арасында еңбекшілердің құқығын қорғайтын кәсіподақ ерекше орын алады. 1993 жылы қабылданған «Кәсіптік одақтар туралы» заң қазақстандықтарға өздерінің еңбектегі мүдделерін заң тұрғысында қорғауға, әлеуметтік-экономикалық саясатты талқылау мен жасауда өз дауысы болуына мүмкіндік берді.

1991-1995 жылдары Әділет министрлігі азаматтық қоғамды дамытуға ықпал ететін  500-ден астам қоғамдық ұйымды тіркеді. Саяси партиялар, бұқаралық қозғалыстар, кәсіптік одақтар, әйелдер, ардагерлер ұйымдары, жастар мен балалардың бірлестіктері, ғылыми, техникалық, мәдени-ағартушылық, мәдени-спорттық және басқа да ерікті қоғамдар, шығармашылық одақтар, қоғамдастықтар мен азаматтық қоғамның басқа да институттары қоғамдық бірлестіктерге жатқызылды.

Барлық азаматтық қоғамның қалыптасуына 1995 жылы республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы үлкен ықпал етті. Жаңа Конституция идеологиялық және саяси әртектілікті, қоғамдық бірлестіктердің заң алдындағы теңдігін паш етті.