ЕЛДІКТІҢ ЕҢСЕСІ — «ҚАЗАҚ ЕЛІ» МОНУМЕНТІ

«Қазақ елі» монументі — қазақтың көк пен жердің арасын мекен еткеннен бергі кезеңдегі бүкіл бітімін көрсететін, жұрттың еңсесін өсіріп, кеткен есесінің қайтқанын дәйектейтін, енді тәуелсіздік деген киелі ұғымның бағасын біліп, ар мен адалдықты ту етіп көтеретін ұрпақтары түбінде ұйысатын ұлттық символ.
Монумент биіктігі – 91 метр, ал кешеннің жалпы көлемі – 5,2 гектар жерді алып жатыр. Монумент биіктігінің өлшемі тәуелсіздікке қол жеткізген айтулы жылға орайластырылған. Ұшар басына орнатылған Самұрық құс ұлтымыздың қиял-ғажайып ертегілерінде құс атаулының төресі, адамның бақыты, ердің арманы ретінде бейнеленген. Осындай кемел ойдан туындаған Самұрық құстың айбынды сұлбасы мемлекет болашағының зор әрі нық екендігін баяндайды. Ал, оның бағанасын қаптаған ақ мәрмәр тастардың түсі Қазақстан халқының кең пейілділігін, достық көңілін, қонақжайлылығын аңғартады. Монументтің аумағы – 5,0 гектар, ал аумақты алаңымен қоса есептегенде 11 гектар жерді алып жатыр. Ал, монументтің аумағына гранит тастар төселген. Монументтің төменгі жағы алаңның 1 гектар жеріне орналасқан биіктігі 2 метрлік қызыл гранитпен қашалған баспалдақтардан тұрады. Ұзындығы 11 метрлік тас тұрғыда тігінен орналасқан домалақ мрамор бағанның биіктігі 55 метр. Ал, тік бағанның жоғары жағына көшпелі халықтың өмірінен сыр шертетін бейнелер бедерленген. Бағанның жоғары басындағы 85,0 биіктікте қазақ халқының оюмен әшекейленген қалқандары орнатылған. Ал, мүсіннің соңғы, яғни ең жоғары биігінде Самұрық құстың бейнесі орнатылған. Диаметрі 2,5 метрлік домалақ шарда орнатылған самұрық құстың биіктігі 3,3 метр. Мүсіннің артқы жағында доға тәрізді 120 метрлік 28 тіреуіштер орналасқан. Ал мүсіннің төменгі жағында 3,7х6,9 метр тас тұғырында 4 қола барельефтер салынады.

«Тұңғыш Президент және оның халқы», «Жасампаздық», «Қаһармандық», «Болашақ» барельефтері – барлығы 98 кв.м. орналасқан. Бас пішіннің биіктігі – 5 метр. Монументтің шығыс жақ бетіндегі «Мыңжылдық» аллеясының басталар тұсына көлемі 9х9 метр, биіктігі 1,2 метр мрамордан жасалған тас тұғырға қоладан тұрғызылған «Бірлік» атты көп пішінді ансамбльдік мүсіндер қойылған. Мүсіндердің жалпы саны – 1,1, ал, әрқайсысның биіктігі 3,5 метрден.

«Тұңғыш Президент және оның халқы» барельефінің композициялық мазмұнын айта кетсек… Қазақстан – жиырма жылға жетпейтін кезеңде үлкен асудан өткен жас мемлекет. Сондықтан да бұл барельефтегі тақырыптарға адам образдары символы, конституциялық құндылықтарымызды сақтаудың бірден-бірі кепілі ретінде саналады.Сол себепті, бұл барельефтың ортасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетіміздің Ата заңына қол қойып, ант қабылдап тұрған рәсімі бейнеленген. Бұл елімізде билік пен халықтың бірлігін, мемлекетіміздің қалыптасуын, демократиялық басқару институттарының жетілгенін, Қазақстан Республикасының билік жүйесінің президенттік басқару формасына негізделгенін айқындайды.

Монументтің соңғы бөлігі «Бірлік» атты ансамбльдік мүсіндер композициясымен аяқталады. Қазақстан халықтарының тәуелсіздікке деген тарихи қадамдарына мыңдаған құрбандықтарды, қилы тағдырларды, қиын замандарды суреттей келе, жорғарыда айтылған ансамбльдік мүсіндер арқылы соңында бостандыққа қол жеткен қуаныш пен шаттық сәттері бейнеленген. Сондықтан да, барлық барельефтегі оқиғалар желісі Тәуелсіздік алған халқымыздың қуанышымен аяқталады. Аталған суреттегі халықтар арасынан тәуелсіздік ұғымына біріккен әр түрлі таптың өкілдерін, қоғамның ауыз біршілігін аңғаруға болады.

«Қазақ елі» стеласы негізінен төмендегі мағыналармен үйлестірілген:

Дүниенің төрт тарапының (батыс, шығыс, солтүстік, оңтүстік) бірігуі Қазақстан территориясының, оның ішінде Астана қаласының Еуразия құрлығының ортасында орналасқанын көрсетеді. Бейнелер желісі Қазақстан өмірінің төрт — әлеуметтік, экономикалық, саяси және рухани ахуалынан хабар береді.

Кешендегі композициялық бейнелерден ұлттық идеяның төрт негізгі бағытын:

Орталық барельефтегі бейнеленген Қазақстанның Тұңғыш президенті арқылы тәуелсіздік ұғымын; «Қаһармандық» барельефінен сақ дәуірінен басталып хронологиялық желімен өрбитін Қазақстан жауынгерлерінің айбынды бейнелері арқылы Отан қорғау әр адамның борышы екендігін; «Жасампаздық» барельефі арқылы ұрпақты еңбексүйгіштікке тәрбиелеу, сол арқылы жетістіктерге жету; «Болашақ» барельефі арқылы болашақ ұғымы ұлтты дамытудың басты идеясы екенін байқауға болады.