АЗАТТЫҚ ҚАЙТАРҒАН ҚАЗАҚША АТАУЛАР

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының соңғы 30 жылдық тарихына көз жүгіртсек, елде бірнеше қала атауы өзгерді. Елеулі тарихи оқиғаларға байланысты атауы ауысқан Қазақстан қалаларының топтамасын назарларыңызға ұсынамыз.

Целиноград – Ақмола – Астана – Нұр-Сұлтан

1961-1992 жылдар аралығында бүгінгі Қазақстан астанасы Целиноград деп аталды. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін, қалаға өзінің тарихи атауы қайта беріліп, Целиноград Ақмолаға айналды. 1997 жылы Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдады. Республиканың жаңа астанасы атанған Ақмола 1998 жылдың 6 мамырында «Астана» болып өзгерді. 1998-2019 жылдар аралығында қала «Астана» атанды. 2019 жылдың 20 наурызында Қазақстанның екінші президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың атауын ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне «Нұр-Сұлтан» деп өзгертуге бұйрық берді.

Гурьев – Атырау
Қазақстан тәуелсіздігін алған уақытта Жайық жағасындағы бүгінгі Атыраудың атауы «Гурьев» еді. Бұл атау Ресей ханшайымы Екатерина ІІ жарлығымен қойылған. Гурьев – XVII ғасырда осы маңда өмір сүріп, балық шаруашылығымен айналысқан саудагер әрі дәулетті көпес болған адамның тегі. 1992 жылдың 21 ақпанында ҚР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы қаланы «Атырау» деп атау жөнінде қаулы қабылдады.
Ленинск – Байқоңыр
Сырдария өзенінің оң жағалауында тұрған Байқоңыр қаласы 1995 жылға дейін «Ленинск» деп аталды. Байқоңыр ғарыш алаңының тұрғызылуына байланысты 1955 жылы пайда болған бұл елді мекен Кеңес кезеңінде «Ташкент-90», «Заря», «Звездоград», «Ленинск» деп аталды. 1995 жылдың желтоқсан айында Ленинск қаласына Байқоңыр ғарыш айлағының атауы берілді. Байқоңыр қаласы 1995 жылғы Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімге сәйкес 2050 жылға дейін Ресейге жалға берілген.
Алексеевка – Ақкөл
Ақмола облысы, Ақкөл ауданының орталығы – Ақкөл қаласы 1997 жылға дейін «Алексеевка» деп аталды. Қаланың іргесі 1887 жылы қаланған. Елді мекенге 1939 жылы кент, 1965 жылы қала статусы берілген.
Ермак – Ақсу
Ертістің оң жағалауында, Павлодар қаласынан оңтүстікке қарай 50 шақырым қашықтықта орналасқан қала 1993 жылға дейін «Ермак» деп аталды.  1913 жылы Глинка кентіне дала өлкесі губернаторының жарлығы бойынша Ермак аты берілді. Осылай Воскресенск кемежайы Глинка кентімен Ермак кенті болып атала бастады. 1922 жылға дейін Павлодар уезінің болыс орталығы болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1961 жылғы 23 қазандағы Жарлығымен Ермак кентіне қала мәртебесі берілді. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1993 жылғы 4 мамырдағы ТН № 2189-ХІІ Қаулысы негізінде Ермак қаласы Ақсу қаласы болып қайта аталды.
Эмба-5 – Жем (Ақтөбе облысы)
Жем – Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданына қарасты қала. Аудан орталығы Қандыағаш қаласынан оңтүстікке қарай 97 шақырым қашықтықта орналасқан. Іргетасы 1960 жылы қаланып, алғашында жабық әскери қалашық ретінде жұмыс істеді. Қала 2000 жылға дейін «Эмба-5» деп аталды. Осы жылы Жем өзенінің бойында орналасқан қалаға Жем атауы берілді. Жем – Қазақстандағы тұрғыны ең аз қала.
Шевченко → Ақтау (1991),
Панфилов → Жаркент (1991),
 Гурьев → Атырау (1991),
Уральск → Орал(1991),
Алма-Ата → Алматы(1992),
Джесказган → Жезқазған(1992),
Новый Узен → Жаңаөзен (1992),
Усть-Каменогорск → Өскемен(1992),
Чу → Шу(1992),
Ермак → Ақсу (1993),
Кокчетау → Көкшетау (1993),
Чимкент→ Шымкент(1993),
Ленинск → Байқоңыр (1995),
Форт-Перовский (1853) → Перовск (1858) → Кызыл-Орда (1925) → Қызылорда(1996),
Алексеевка→ Ақкөл (1997),
Кустанай → Қостанай (1997),
Талас→ Әулие-Ата (1856) → Мирзоян (1936) →Джамбул (1938) → Жамбыл (1993) → Тараз (1997),
Актюбинск → Ақтөбе (1999),
Риддер → Ленингорск (1941) → Риддер (2002),
Семипалатинск → Семей (2007),
Зыряновск → Алтай (2019)
«Атыңнан айналайын тәуелсіздік» келіп, ұмыта жаздаған ұлттық болмысымызбен, қазақы қалпымызбен қауыштық. Егемен ел болып еңсе тіктеу деген осы болар, сірә?!