ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨНЕРДІҢ ҚАЙТА ТҮЛЕУІ

Мыңжылдық қазақ мәдениеті жас елдің тәуелсіздігінің сенімді тірегіне айналды. Мемлекеттің мәдени саясаты қазақ халқының аса бай мұрасын іздеумен қоса, оның дәстүрлері мен ғұрыптарын жандандыруды да қамтыды – олар елдің күнделікті өмірін рухани тұрғыда байытып, біздің өткенімізді қазіргі кезеңмен және болашақпен жалғауға тиісті еді. 1988 жылы Наурыз мерекесі қайта аталып өтіле бастады.

«Халықтық Наурыз мейрамы – көктем мерекесі туралы» Елбасының Жарлығы шыққаннан кейін, 1991 жылдың 15 наурызында осы ежелгі мереке ресми мойындауға ие болды. Күн мен түн теңелетін 22 наурыз мереке күні болып белгіленді. Дәл сол кезде теңдессіз төл мұрамыз айтыс та руханиятымызға қайта оралды. 1992 жылдың қыркүйек, қазан айларында өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы Қазақстанның мәдени өміріндегі жарқын оқиға болды. Жер жүзінің әр түкпірінен атамекеніне танымал жазушылар, суретшілер, әртістер, бизнесмендер мен қоғам қайраткерлері келіп, мемлекеттік тәуелсіздік, ұлттық бірлік, ұлтаралық келісім, болашақ ұрпаққа саламатты тәрбие беру мәселелерін талқылады. Шетелдік қазақ диаспорасының өкілдері Алматыда, Шымкентте, Түркістанда және басқа да қалаларда болып, Қазақстанның өмірімен, тұрмысымен және мәдениетімен танысты.

1990-жылдардың бірінші жартысындағы заманауи қазақ әдебиетіндегі айқын құбылыстар ретінде Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабозын», Герольд Бельгердің «Завтра будет солнце» және «Земные избранники», Иван Щеголихиннің «Не жалею, не зову, не плачу» және «Желтое колесо», Әнес Сарайдың «Еділ-Жайығын» атауға болады. Сол жылдары елдегі драмалық театрлар да әртүрлі сипатта қызықты жағдайда жұмыс істеді. Маман Байсеркеновтің, Әзірбайжан Мәмбетовтің, Рубен Адриясянның, Жанат Хаджиевтің, Райымбек Сейітметовтің, Есмұхан Обаевтың спектакльдері айтарлықтай табысты жағдайда өтті.

1990 жылдардың басындағы ұлттық бейнелеу өнерінде Салахитдин Айтбаев, Айша Ғалымбаева, Гүлфайруз Исмайлова, Исатай Исабаев, Мария Лизогуб сияқты танымал суретшілермен қоса, жас өнер қайраткерлері де танымалдыққа ие болды: олардың бәрінің де туындылары халықаралық байқауларға қатысып, мұрағаттар мен жеке коллекцияларды толықтырды.

Елдің музыкалық өмірі де айтарлықтай өркендеді. 1993 жылы Айман Мұсаходжаева мемлекеттік «Солистер академиясын» құрып, жетекшілік етті. Пианист және педагог Жәния Әубәкірованың авторлық музыка мектебі 1994 жылы, Әлібек Дінішевтің театры мен вокал академиясы 1997 жылы ашылды. Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Лаки Кесоглу сияқты отандық эстрада жұлдыздары бұрынғысынша көрермендерін тәнті ете түсті. Жастар арасында «Үркер» және «Дуэт L» танымалдылыққа ие болды, алайда басты табыс бұрынғы кеңестік республикалардың бәрінде танымалдылыққа ие болған «А-Студио» тобына тиісті болды.