ҚАЗАҚСТАН КӘСІБИ МЕМЛЕКЕТКЕ БЕТ АЛУ ЖОЛЫНДА

1999 жылдың 23 шілдесінде қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда мемлекеттік лауазымдар саяси және әкімшілік қызмет болып екіге бөлінді. Мұның өзі мемлекеттік қызметтің кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етті. Бұдан былай мемлекеттік қызметке білім-білік бәсекесінде озып шыққан маманның келуіне жол ашылды. Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту орталық органдардан басталды. 1997 жылдың наурызында министрліктер мен ведомстволар саны екі есе қысқарды және олардың жұмыс принципі түбегейлі өзгерді. Енді әрбір тапсырманы нақты орындау мерзімі белгіленді. Мамырда еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымына өзгеріс енгізілді. 19 облыс орнына –14 облыс, 230 аудан орнына 169 аудан құрылды. 1997 жылғы әкімшілік-аумақтық реформа негізінде сыртқы шекарасы мемлекеттік шекара болып табылатын облыстарды қайта құрудың үлкен маңызы бар еді. Шекаралас өңірлерді ірілендіру олардың жағдайын тұрақтандырып, егемен Қазақстанның біртұтастығына ықпал етті. Іріленген облыстар шекарамен шектес қалалардың атымен емес, Солтүстік Қазақстан Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан болып, тұтастай өңірлердің атымен аталды. Нәтижесінде, мемлекеттік басқару жүйесі кәсіби, ықшам және саны жағынан да оңтайлы бола түсті. Осы кезеңде мемлекеттік қызметкерлер 25 мың адамға қысқарды. Осылайша, бюджеттік қаражаттан миллиондаған теңге үнемделіп, сол уақыттың ең өткір мәселесі – зейнетақы мен жалақы төлеуге жұмсалды. Мемлекеттік қызмет реформасы үлкен қоғамдық сілкініс туғызды.

1998 жылдың 2 шілдесінде Қазақстан жаңадан тәуелсіздік алған мемлекеттердің ішінде бірінші болып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңды қабылдады. Сол жылы осы заңның базасында мемлекеттік бағдарлама жасалды. Мемлекеттік бағдарлама орта мерзімдік кезеңге (1999–2000 жылдар) есептелді. 1999 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қимыл жасайтын арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Сыбайлас жемқорлықпен күрес барлық деңгейде жүрді. Өз қызметін теріс пайдаланған жоғары шенді адамдар қызметінен айырылып, сотқа тартылды. Сарапшылар атап өткендей, өз ісіне бақылау бар екенін, мұнан былай жұмысы қатаң және принципті түрде бағаланатынын сезген шенеуніктердің психологиясында өзгерістер көріне бастады.