ҚОҒАМ СЕНІМІН АҚТАҒАН ПАРЛАМЕНТ

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ шын мәніндегі саяси жауапкершілік тек кәсіби Парламентке тән екеніне еш күмәнім болмады. Міне, тап осындай өкілетті орган 1995 жылдың аяғында сайланды. Елбасы 1996 жылдың 30 қаңтарында бірінші парламенттік сессияны аша отырып, «Біз Қазақстанда шынайы, өркениетті парламентаризм құрудың алдында тұрмыз», – деп мәлімдеді. Жаңа депутаттық корпус өзінің жұмысқа қабілетті екенін бірден көрсетті. Жоғарғы Кеңес жылына екі-үш рет шақырылса, Мәжіліс үздіксіз қызмет істеді және 1996 жылдың бес айында Мәжіліс 35 заң қабылдады, ал Жоғарғы Кеңес бір жылда 7 заңды ғана бекіткен еді. Бірінші шақырылымның бес сессиясы барысында Мәжіліске 644 заң түсті, депутаттар олардың 558-ін мақұлдады, 497 заңға қол қойылды. 1996 жылдың шілдесінде екі палатаның бірлескен мәжілісінде депутаттардың еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға қосқан үлесін ерекше атап өттім. Біріншіден, Парламент атқарушы және заң шығарушы билік тармақтары арасындағы тұрақты тепе-теңдік қамтамасыз етуге, екіншіден, палаталардың әрқайсысының заңдарын дәйекті түрде талқылау жолымен заң жобаларын пысықтаудың тиімді ішкі парламенттік тетігін жасауға қол жеткізді… Парламент кәсіби және құзыретті заң шығарушы орган ретінде республикалық және аймақтық мүдделердің үйлесуін қамтамасыз етуге, заңды жобалау жұмысында жоғары сапаға қол жеткізуге өзінің қабілеттілігін көрсетті. Міне, осылайша, қазіргі стандарттарға және парламентаризм принциптеріне негізделген заң шығарушы билікті жаңғырту аяқталды. Мемлекеттік билік тармақтары арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінің тиімді механизмі жасалды.