КОНСТИТУЦИЯҒА ТҮЗЕТУЛЕР ЕНГІЗУ ДЕМОКРАТИЯНЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

1995–1997 жылдары – басында Президент тұратын, ал атқарушы, заң шығарушы, жергілікті және сот билігі – берік тұғыр боп табылатын саяси вертикаль түпкілікті қалыптасты. Мемлекеттік механизм жетілді және соған сәйкес аумалы-төкпелі жағдайларға қарай, билік құрылымының да үнемі жаңарып тұруын өмірдің өзі талап етті. Елбасы 1998 жылғы Жолдауында Конституцияға бұрын жария етілген саяси ырықтандыру арнасында бірнеше түзетулер енгізуді ұсынды. Бұл түзетулер, атап айтқанда, сайлау жүйесін жетілдіруге, әділ және еркін сайлауды қамтамасыз етуге, саяси партиялардың рөлін арттыруға, Парламенттің өкілеттігін кеңейтуге, азаматтық қоғамды жан-жақты дамытуға, баспасөз бостандығын қамтамасыз етуге, тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыруға, барлық билік органдарында әйелдердің өкілдігін арттыруға қатысты болды. Жолдау жарияланған бойда, 30 қыркүйекте Парламенттің қарауына «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы берілді. Бұл заң жобасын талқылай отырып, депутаттар бюджеттің атқарылуына парламенттік бақылауды күшейту туралы, әкімдерді кезең-кезеңмен сайлау туралы, сонымен қатар қос палата депутаттары мен Елбасының өкілеттік мерзімін ұзарту туралы ұсыныс жасады . Жобаны бекіткенге дейін көп жұмыстар жүргізілді. Ақыр соңында 1998 жылдың 7 қазанында заңның түпкілікті нұсқасы қабылданды. Конституцияға елдегі саяси институттардың әрі қарай дамуына жаңа серпін берген 19 түзету енгізілді. Міне, осы кезден бастап төменгі палатаға сайлау тек бір мандатты округтер бойынша ғана емес, партиялық тізім бойынша да жүргізілді. Мәжілісте партияларға 10 қосымша орын бөлініп, бұл орындар – жинаған дауыс санына қарай партиялық тізім бойынша сайлауға түскен үміткерлерге бөлініп берілді. Міне, осылайша партиялар депутаттық мандат үшін күреске тікелей қатысатын болды. Сөйтіп, аралас сайлау жүйесіне көшу осылай басталды. Қабылданған түзетулер Конституцияны өзгерту мен Үкіметті бақылау мәселелерінде Парламенттің өкілеттігін кеңейтті. Тәуелсіз сот жүйесінің маңызды құралы – алқабилер соты болды. Президент өкілеттігі 7 жылға дейін ұзартылды, сенаторлар – 6 жылға, Мәжіліс депутаттары 5 жылға сайланатын болды. Мемлекеттік қызметкерлер және президентікке кандидаттар үшін жас шектеуі жойылды, сонымен қатар сайлау учаскесіне келушілердің сандық шегі алынып тасталды (бұрын сайлау өту үшін кемінде сайлаушылардың 50 проценті қатысуы талап етілетін). Конституциядағы сайлаушылардың сандық шегіне қатысты өзгерісті Қазақстан өзге де демократиялық елдердің үлгісімен жасаған еді. 1998 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген түзетулер саяси жүйенің дамуы мен елді демократияландыруға жаңа серпін берді.