1999 ЖЫЛҒЫ ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ. ХАЛЫҚ АМАНАТЫ
Сайлау 1999 жылдың 10 қаңтарында өтті. Оған коммунистер көшбасшысы Серікболсын Әбділдин, жазушы әрі қоғам қайраткері Энгельс Ғаббасов және Кеден комитетінің төрағасы Ғани Қасымов және алғашқы ел Президенті Н.Ә.Назарбаев қатысты. Алдын ала сауалнама мәліметтері бойынша, Н.Назарбаев өз қарсыластарына қарағанда көп дауыс жинады. Сайлаудың түпкілікті нәтижелері де мұны растады. Нұрсұлтан Назарбаев – 81,75 процент дауыс, Серікболсын Әбділдин – 12,08 процент, Ғани Қасымов – 4,72 процент, Энгельс Ғаббасов 0,78 процент дауыс жинады. Бұл жеңіс экономиканы жаңғыртуға, әл-ауқатты арттыруға және саяси тұрақтылықты, жалпыұлттық бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған ішкі және сыртқы саясатымыздың дұрыстығын растады. Президент мандатын жаңа мерзімге соза отырып, қазақстандықтар тәуелсіздіктің жаңа кезеңінде елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрақтылығын сақтау жолындағы стратегиялық қадамдарына қолдау білдірді. Іріткі салушы күштердің Қазақстан қоғамына жік салу пиғылы іске аспады. Ұлттық мәселелерге байланысты кейбір қиындықтарды саяси мақсатқа пайдаланбақ ниетінен де ештеңе өнбеді. Сайлау қорытындысы осыны көрсетті. 1999 жылдың 10 қаңтарындағы Президент сайлауы еліміздің тарихындағы баламалы негізде өткен тұңғыш сайлау болды. Сайлау саяси жүйені демократияландырудың біртұтас тізбегін түйіндеген маңызды саяси оқиғаға айналды. Бір жағынан, радикалды реформалар жүргізу керек, екінші жағынан, елдегі саяси тұрақтылық пен келісімді сақтай білу керек. Демократиялық жаңғыру жолындағы Қазақстан үшін өте күрделі мәселе осы еді. Біз мұны таразы басын тең ұстай отырып шешудің жолын таптық. Тоталитарлық жүйе қыспағынан күні кеше ғана шыққан елдің саясаттағы жаңа қадамдары дәл осындай жағдайлармен бетпе-бет келген әлемнің дамушы елдері үшін үлгі болды.