ҚАЗАҚСТАН ЖАС ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТТЕР АРАСЫНДА АЛҒАШ ЗЕЙНЕТАҚЫ РЕФОРМАСЫН ЖҮРГІЗГЕН ЕЛ
1990 жылдың ортасында зейнетақы жүйесінде іркіліс көп болды. Зейнетақы кешіктіріліп берілді. Тек 1995 жылдың өзінде зейнетақы көлемі ақшаның құнсыздануы себебінен үш рет қаралды, нәтижесінде орташа зейнетақы екі есеге өсті. 1997 жылдың қаңтарында елде 2,9 миллион зейнеткер болды. Бұл – барлық халық санының 17 проценті. Зейнетақының өсуі мен зейнеткерлер санының көбеюі мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ түсірді. 1995 жылы зейнетақыға 46 миллиард теңге бөлінді, сонымен бірге зейнетақы бойынша берешектер көбейе берді. Қалыптасқан экономикалық және демографиялық жағдайға байланысты зейнетақы реформасын кейінге қалдыруға болмайтын еді. 1997 жылдың наурызында Үкімет Зейнетақы жүйесін реформалау тұжырымдамасын бекітіп, сол жылдың 20 маусымында «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заң қабылданды. Үлгі ретінде Чили моделі алынды. Таратушы немесе ынтымақтастық жүйесінде зейнеткерлерді жұмыс істейтін отандастары қамтамасыз етеді – зейнетақы солардың жарналары мен салықтарынан құралады. Жинақтаушы жүйе – жұмыс берушінің қызметкердің жеке жинақтау шотына аударған қаржысынан құралады, яғни қызметкер еңбекке араласқан кезден бастап өзінің қаржылық қорын жинақтайды, сөйтіп өзін-өзі қамтамасыз етеді.
1997–1998 жылдары зейнетақы реформасын негізгі үш мекеме – Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық (ЗТМО), жарналардың сақталуына мемлекет кепілдік беретін Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры (МЖЗҚ) және Ұлттық зейнетақы агенттігі жүргізді. Зейнетке шығу мерзімі ұзартылды. Ерлер – 63 жастан, әйелдер 58 жастан зейнетке шығатын болды. 1998 жылдың қаңтарында МЖЗҚ-да зейнетақы жарналарын қабылдау басталды. Содан бері барлық жұмыс істейтін азаматтар міндетті түрде тапқан табысының 10 процентін МЖЗҚ-ның дербес шотына аударады. 2001 жылдан кейін зейнетке шыққан адамдарға зейнетақы ЗТМО арқылы ішінара – республикалық бюджеттен, ішінара МЖЗҚ-ның дербес шотынан төленіп отырды. Бұл ретте, МЖЗҚ қаржысынан зейнетақы алуы үшін ерлердің – 25 жыл, әйелдердің 20 жыл еңбек өтілі болуы керек. Қазақстан жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасында бірінші болып зейнетақы реформасын жүргізді және оның нәтижесі де көп күттірген жоқ: мемлекеттің зейнетақы және жәрдемақы төлеу бойынша берешегі 50 миллиард теңге болса, 1999 жылдың соңына қарай бұл толығымен өтелді. Осылайша зейнетақы саласындағы дағдарыс өз шешімін тапты.