ҚИЫНДЫҚТЫ БІРГЕ ЕҢСЕРГЕН ЕЛ МЕН ЕЛБАСЫ
1990-жылдардың орта тұсындағы экономикадағы алғашқы оң өзгерістер әлеуметтік-саяси тұрақтылыққа көмектесіп қана қоймай, әлеуметтік мәселелерді шешудің алғышарттарын да қалыптастырды. 1990-жылдардың екінші жартысында қазақстандықтар жақсы өмірдің дәмін тата бастады. Сауда-саттық қызып, дүкендер мен базардағы тауар түрлері көбейді. 1996 жылы бюджет қызметкерлерінің жалақысы мен әлеуметтік жәрдемақы көлемі екі есеге көбейтілгеннен кейін, халықтың сатып алу қабілеті айтарлықтай өсті. Инфляция жағдайында осылардың іс жүзінде 50–60 процентке көбейтілгенін білдіретін.
Ал жалақы мен зейнетақының берешегі көбейе бастаған сәтте, Елбасы «егер мәселе шешілмейтін болса, жауапты адамдарды барынша қатал жазаға тартамын» деп Үкіметке қатаң ескерту жасады. Ол әрқашан өз отандастарына қолдау білдіріп, оларға үміт сыйлау үшін кез келген мүмкіндікті мүлт жібермеуге барын салды. Сондай-ақ әр адамға ел өкіметінің бәріне бірдей шамасы жетпейтінін, өтпелі кезеңнің объективті қиындықтары бар екенін, сол себепті қайсыбір жағдаяттарға төзімділік таныту керектігін ұғындыруға тырысты. 1999 жылға қарай зейнетақы мен жәрдемақыны кешіктірмей төлеу мәселесі толық шешілді. Қалаларда жылу, жарық пен суды тоқтаусыз беру жолға қойылды. Экономика мен бюджет қорының өсуінің арқасында мемлекет белсенді әлеуметтік саясатты қайта қолға алуына мүмкіндік алды. 1998 жылдың қаңтар айында Президент бастамасымен, сол кезде халықтың басым бөлігін құраған күнкөрісі төмен азаматтарды қолдайтын жалпыұлттық қор құрылды. Жұмыс істеген алғашқы жылдары қор 1 миллиард теңге жинап, тұрмысы төмен 250 мың қазақстандыққа қолдау көрсетті.
1990-шы жылдардың екінші жартысында жалақы мен зейнетақы ұдайы өсіп отырды. 1999 жылы Қазақстандағы орташа жалақы долларға шаққанда 90 АҚШ долларын құрады. Бұл жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасындағы ең жоғары көрсеткіш болатын. Осының арқасында қазақстандықтардың кірісі оларға қаражат жинауға мүмкіндік тудырды. Егер 1996 жылы қазақстандық банктердегі азаматтардың есепшотында 11 миллиард теңге болса, 1999 жылы ол 28 миллиардтан асты. Дағдарысқа қарсы шаралардың толық кешенін жүзеге асыру нәтижесінде дәл осы кезде ұлттық экономиканың нағыз өрлеу кезеңі басталып, ол бірден елдің көңіл күйіне әсер етті. Реформалардың ұзақ күткен жемісі соңғы он жыл бойы жиналған әлеуметтік қажудан арылуға көмектесті. Бұқара халық өз күші мен алда тұрған кез келген кедергіні еңсере алатын қабілетінің бар екеніне көзі жетті.