ҚАЗАҚСТАН — ДІНИ ДОСТЫҚТЫҢ ШАҢЫРАҒЫ
1990-шы жылдардың екінші жартысында дін мен рухани өмірдің белсенді түрде жаңғыруы жалғаса түсті. 1995–1998 жылдар аралығында Қазақстандағы діни бірлестіктердің саны екі есе дерлік – 1180-нен 2100-ге дейін өсті.
Қазақстанда, негізінен, мемлекет пен діннің өзара қарым-қатынасының оңтайлы арқауы табылды, бұл мемлекет пен діни конфессиялардың жалпыұлттық келісімді нығайту жолында бірлесіп жемісті жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.
Діни өмірді дамыту руханият пен мәдениеттің өсуіне, қоғамдағы имандылықтың нығаюына, маскүнемдіктің, нашақорлықтың және басқа да әлеуметтік сырқаттар мен кемшіліктердің азаюына ықпал етті. Әйтсе де сол кезеңдегі заңның олқы тұстарын пайдаланып, кейбір деструктивті секталар да өз ісін жалғастырумен болды. Дегенмен рухани өмірді жаңғыртудың ықпалы басым түсті.
Елдің барлық аймақтарында жаңа мешіттер мен храмдар (шіркеулер) қайта жандандырыла бастады. 1999 жылдың шілдесінде Алматыда әдемі көгілдір күмбезі бар Орталық мешіт ашылды. Дәл сол жылы қазан айында Павлодардағы Благовещенский шіркеуі де жұмыс істей бастады. Қазақстандағы барлық діндердің өзара тату болып, ел бірлігіне көмектесуі өте маңызды. Сонымен бірге, діни идеялардың атын жамылып әрекет ететін экстремизмнің кез келген түріне мықты тосқауыл қою керек.
1998 жылдың қыркүйегінде Елбасы ресми сапармен Ватиканға барды. Бұл Рим Папасы II Иоанн Павелмен оның үшінші кездесуі болатын. Осы кездесулерде арада өзара сенім орнады. Сол кездерде Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің табысты өтуіне де сол кездесу айтарлықтай ықпал етті.