ӨНЕР ӘЛЕМІНДЕ ӨЗ ӨРНЕГІН САЛА БІЛГЕН МЕМЛЕКЕТ

1997 жылы Елбасы Үкіметке алдағы үш жылға (1998–2000 жылдар) жоспарланған арнайы мемлекеттік бағдарлама дайындауды тапсырды. Сөйтіп, мемлекет дағдарыстың бар ауыртпалығын бастан өткерген Қазақстан мәдениетін дамытуға көмектесіп, өнердің сан ғасырлық дәстүрімен сусындаған классикалық, сонымен бірге жаңашыл үрдістердің өмір сүріп, жетілуіне ықпал етті. Абай атындағы Академиялық опера және балет театрының сахнасында ұлттық және әлемдік классика туындылары ғана емес, тың шығармашылық ізденістерге құрылған тәжірибелік қойылымдар да табыспен өтті. 1998 жылы бүкіл әлем опера өнерінің 400 жылдығын атап өтіп жатқанда, респуб ликамыздағы өнердің қара шаңырағында Халықаралық опера фестивалі өтті. Қазақ академиялық драма театрының репертуарынан Мұхтар Әуезовтің, сондай-ақ Зейін Шашкин, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Қалтай Мұхамеджанов, Әкім Тарази, Қуандық Шаңғытбаевтың пьесалары бойынша қойылған спектакльдер лайықты орнын алды.

Еліміздің театр өнерінің дамуына Лермонтов атындағы Орыс академиялық драма театры, Неміс ұлттық театры, Ұйғыр музыкалық-драма театры, тағы басқа театрлар да көп үлес қосты. Қаражат тапшылығына қарамастан, облыстық ұжымдар, соның ішінде еліміздегі танымал театрларының бірі – Қарағанды музыкалық комедия театры өнерге деген адалдығынан танбай, мәдени қызметін жалғастыра берді. Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрі, «Гүлдер» эстрадалық ансамблі, «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрі тыңдаушыларына рухани қуаныш сыйлап, үлкен шеберлік биігінен көріне білді. Осы жылдардағы ұлттық әдебиетіміз де жемісті болды: Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» дилогиясы, Әбіш Кекілбаевтың «Абылайхан» атты тарихи-публицистикалық драмасы, Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы, Дулат Исабековтің повестер жинағы мен «Ай-Петри ақиқаты» атты әңгімелер жинағы, Әзілхан Нұршайықовтың «Жазушы және оның дос тары» атты әдеби күнделігі жарық көрді. Белгілі қазақстандық жазушылар Дмитрий Снегин, Морис Симашко, Герольд Бельгер «Бейбітшілік және рухани келісім» президенттік марапатының лауреаттары атанды. Орыс тілінде жазатын отандық авторлардың кітаптары да елдің әдеби өміріндегі елеулі құбылыс болды.

Өткен онжылдықтың соңында «жаңа толқын» ретінде мойындалған Қазақстанның ұлттық кинематографиясы бұрынғы шығармашылық биігінен табылып, фестивальдық жүлделерге ие боп жатты. Дәрежан Өмірбаевтың 1998 жылы шыққан «Киллер» атты қылмыстық драмасы бірнеше халықаралық жүлделерді иеленді, Канндағы дүниежүзілік кинофестивальда «Ерекше көзқарас» номинациясы бойынша үздік фильм ретінде танылды. 1999 жылы Абай Қарпықовтың «Фара» фильмінде басты рөлді сомдаған қазақстандық кино актер Фархат Абдраимов актерлік шеберлігі үшін ХХI Мәскеу халықаралық кинофестивалінде «Күміс Әулие Георгий» жүлдесімен марапатталды. 1998 жылы Алматыда алғаш рет Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтіп, бірден-ақ келешегі зор қазақстандық жобалардың бірі ретінде танылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық қиындықтарға қарамастан, қазақстандық мәдениет өзіне тән даралығы мен бірегейлігін сақтап қалды деп бүгінгі күні сеніммен айта аламыз. Соның арқасында, еліміз әлемдік мәдени үдерістен тыс қалмай, өнер әлемінде өз өрнегін салды.