ҚАЗАҚСТАН СПОРТЫНЫҢ ЖАҢА ЖЕТІСТІКТЕРІ
Қазақстандық спорт шеберлері 1990-шы жылдардың екінші жартысында әлемнің үлкен спорт ареналарында жиі-жиі өнер көрсете бастады. 1996 жылдың ақпанында біздің спортшылар алғаш рет Харбиндегі III қысқы Азия ойындарына қатысып, бірден үздік нәтиже көрсетті – тек Қытайды ғана алға салып, жалпы командалық есепте екінші орынды иеленді. Қазақстандықтар 14 алтын, 9 күміс және 8 қола медальды ұтып алды. Сол 1996 жылы ұлттық олимпиадалық командасы алғаш рет Атлантадағы ХХVІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, 199 ел қатысқан спорт додасында жалпыкомандалық есепте 22-ші орынды жеңіп алды. Бұл – спорт әлемінде енді ғана таныла бастаған ел үшін үлкен табыс болатын. Василий Жиров Олимпиада алтынын алып қана қоймай, отандық бокс тарихында тұңғыш рет техникалық шеберлігі ең жоғары боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогын жеңіп алды. Балуан Юрий Мельниченко мен бессайысшы Александр Парыгин да Атлантадағы жеңістерін тойлап жатты. Нысана көздеу жарысында Сергей Беляев көзге түсті: ол екі күміс медаль жеңіп алды. Бір-бір күміс медальды боксшы Болат Жұмаділов пен ауыр атлет Анатолий Храпатый иеленіп қайтты. Қола медальды боксшылар Ермахан Ибраимов пен Болат Ниязымбетов, балуан Мәулен Мамыров пен мерген Владимир Вохмянин қанжығаларына байлады. 1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен Қысқы Олимпиада ойындары Қазақстан командасына екі қола медаль әкелді. Оларды конькийші Людмила Прокашева мен шаңғышы Владимир Смирнов жеңіп алды.
1998 жылы Бангкокта өткен 41 ел қатысқан XIII жазғы Азия ойындарында Қазақстан жалпы есепте 5-орын алып, 78 медальды жеңіп алды (24 алтын, дәл сонша күміс және 30 қола). Бір жылдан кейін Кангвондағы ІV қысқы Азия ойындарында біз жалпы есепте Қытай мен Оңтүстік Кореядан кейінгі үшінші орынға қол жеткізіп, түрлі спорт түрлерінен 10 алтын, 8 күміс және 7 қола медальды иелендік. Жас мемлекеттің спорттық жеңістері қазақстандық атлеттердің шеберлігін ғана танытып қойған жоқ, сондай-ақ елімізде спортты дамытуға да көп көңіл бөлінетінін көрсетті.