ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ ТУРАЛЫ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢ

Парламент өз құқығын пайдалана отырып 2000 жылдың 20 шілдесінде «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңды қабылдады. Заң «жаңа тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы, Қазақстан халқының көшбасшысы, оның бірлігін, Конституцияны, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз еткен Елбасы ретінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің саяси және құқықтық жағдайын анықтайды». Тұңғыш Президентке, оның бірегей тарихи миссиясына орай, Қазақстан халқына және мемлекеттік органдарға міндетті түрде қарастырылуға тиіс бастамалар жолдауға, Парламент алдында, Үкімет отырыстарында сөз сөйлеуге, Қазақстан халықтары Ассамблеясын басқаруға, Конституциялық кеңес пен Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына енуге өмірлік құқық берілген. Қалыптасқан әлемдік тәжірибеге сәйкес, заң Тұңғыш Президенттің қорын, кітапханасын және архивін құруды белгілейді.

Тұңғыш Президент туралы заң  ең алдымен, мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатындағы сабақтастықты қамтамасыз ету, Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табыстарымыз бен құндылықтарымызды сақтап, дамыта түсуді аманаттайды. «Депутаттардың халық арасында қолдау тапқан бұл шешімі мен үшін өте әсерлі болды. Жас мемлекеттің басшысы лауазымына тағайындалған алғашқы күннен бастап мен бәріміздің ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасының іргесін бекіту ісіне бүтіндей беріле кірістім. Егемен және Тәуелсіз Қазақстан – мен үшін жай әншейін абстрактілі ұғымдар емес. Бұл – менің бүкіл өмірім, қала берді, тағдырым да. Бұл заңды мен өзіме сеніп тапсырылған орындағы атқарған қызметіме қазақстандықтардың берген жоғары бағасы деп қабылдадым. Халықтың мұндай сенімі – ел тағдырын, өз болашағын маған сеніп тапсырған отандастарымның алдындағы қосымша жауапкершілік деп білдім. Аталған заңның құрғақ құжаттық тұжырымдамасынан ауытқи келе, мен өзіме үлкен сенім көрсеткен, демеген, бірге өткен жолымызда кезек алмасқан қуаныш пен қайғыны қатар бөліскен отандастарыма шын жүректен шыққан адами ризашылығымды білдіргім келеді. Бұдан кейін де Отанымыздың мүддесін қорғау үшін бар күш-жігерімді жұмсап, мемлекеттігіміздің іргесін нығайту, еліміздің барлық тұрғындарының тұрмыс деңгейін жақсарту ісіне беріле қызмет ететін боламын» деді Елбасы заң туралы өз пікірінде.