ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫ: ҚАЗАҚ ТЕҢГЕСІНІҢ БАСЫЛУЫ МЕН ЖАРИЯЛАНУЫ

Тәуелсіз мемлекеттің меншікті өз валютасы болуы керек.1992 жылдың көктемінде Елбасы ұлттық валютаны енгізудің мүмкіндіктерін қарастыруға тиісті құпия комиссия құрды. Комиссия туралы  небәрі жеті адам білді. Біртұтас рубль аймағын сақтауға талпынысты жалғастыра отырып, Қазақстан өзінің валютасын енгізуге дайындалды.

Бірақ, ақшаның түрі мен атынан басқа да үлкен проблема болды. Ол кезде Қазақстанның өзінің банкнот басатын фабрикасы болған жоқ, барлығы Мәскеуден әкелінетін. Мамандармен ақылдаса келіп, осы бір өзіндік ерекшелігі бар тапсырысты еуропалық елдердің біріне орналастыруға шешім қабылданды. Таңдау осы салада үлкен тәжірибе жинақтаған «Харрисон және ұлдары», «Томас Де ля Ру» деп аталатын ағылшын компанияларына түсті. Қазақстанды банкноттардың сапасы, келісім-шарттың қаржы жағы және құпиялылығы қанағаттандырды. Ресеймен келісім-шартқа отыруға қол жеткен жағдайда, меншікті валютамызды дайындауға кететін шығындар көлемді болып қана қоймай, сонымен бірге қажетсіз де болушы еді. Бірақ та Қазақстанның тапсырысты шетелге орналастырудан басқа амалы қалған жоқ еді. Елбасы мен оның командасының қателеспегенін уақыттың өзі көрсетті. Тапсырыс таралымының дайын болуына қарай, банкноттар құпия түрде республикаға жеткізіле бастады.

1993 жылы қыркүйекте Ресеймен және ТМД-ның басқа да бес елімен рубль аймағын құру қажеттігі туралы келісімге қол қойылған. Құжат тек формальды болып шықты, сол кездің өзінде-ақ Ресейдің бұл аймаққа қандай да болмасын басқа елді қосқысы келмейтіні анық болды.

Бір ай өткеннен кейін, 1993 жылы қарашада, Елбасы Н.Назарбаев өзінің Жарлығымен ұлттық валютаны енгізу жөнінде Премьер-Министр Сергей Терещенко басқаратын ресми үкімет комиссиясының құрамын анықтады.

«Х» сағаты 1993 жылғы 15 қараша болып көрсетілді. 12 қарашада қол қойылды, ал 13 қарашада «Қазақстан Республикасында ұлттық валютаны енгізу туралы» Жарлық халыққа жария етілді. 12 қарашада, кешкілік Елбасы теледидар арқылы еліміздің тұрғындарына арнап сөз сөйледі: Қазақстанның тарихындағы бірінші ұлттық валюта – теңгені енгізетінімізді жариялады.