ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫ: ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУДІҢ БІРІНШІ КЕЗЕҢІ

1991 жылдың 22 маусымында «Мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру туралы» Заң қабылданды. Осыған сәйкес мемлекеттік органдар кәсіпорын ұжымынан тек тиісті өтінім келіп түскеннен кейін ғана шешім қабылдайтын болғандықтан, мұндай жекешелендіру ынталы деп аталатын сипат алды. Тек сонда барып аукциондар, конкурстар өткізілді немесе өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымдарды еңбек ұжымына тегін беру жүзеге асырылды.

Аталмыш заң жекешелендірудің бірінші кезеңіне (1991-1992 жылдардағы) бастапқы негіз қалады, міне, соның нәтижесінде меншік түрін өзгерту үрдісіне еліміздің азаматтарын еңбек ұжымдары арқылы барынша көп тарту идеясына негізделген алғашқы нұсқадағы «Қазақ КСР-інде мемлекеттік меншікті мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің 1991-1992 жылдарға арналған Бағдарламасы» жасалды. Бұл бағдарламада ымыраға келушілік көп болды.

Ақша құнсыздануының ерекше қарқын алуы және тұрғындарда қаржының болмауы ескеріле келіп, Қазақстанда бүкіл тұрғындардың бірі қалмастан тұрғын үйлерді жекешелендіруге қатысу үшін төлем құралы ретінде оларға тұрғын үйді жекешелендіру купондары тегін ұсынылды.

Бір купонның құны сол кездегі рубльге пара-пар болды. Берілген купондардың саны еңбек стажымен айқындалды, ал біреудің асырауындағы адамдарға екі мыңнан купон таратып берілді. Бағдарлама тұрғындардың ынтасын арттырып қана қоймай, жекешелендіру үрдісінде бұрынғы мемлекеттік мүлікті еліміздің белсенді тұрғындары арасында әділдікпен бөлуге болатынына халықтың үмітін оятты. Купондарға пәтер сатып алудың қарапайым тетігі қысқа мерзімде тұрғын үй нарығын қалыптастырып, халықтың белсендігін және нарықтық қатынастарды дамытудың басқа да шарттарын қамтамасыз етті. Әрі қарай тұрғын үй купондары шағын жекешелендіру нысандары мен ауыл шаруашылығы нысандарын сатып алу кезінде қолданылды. Жекешелендірудің бірінші кезеңі көбінесе жалдамалы және ұжымдық кәсіпорындардың құрылуымен, сондай-ақ коммуналдық нысандардың аукциондарда сатылуымен сипатталады. Соның өзінде еңбек ұжымдарына ерекше жеңілдіктер ұсынылды.

Республикада біртіндеп қызмет көрсету нарығы қалыптасты. Жекешелендірудің бірінші кезеңінің нәтижелері меншік иеленуші топтарды қалыптастыратын кәсіпкерліктің дамуына түрткі болды. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша мемлекеттік мүліктің 4771 нысаны қайта құрылды. Жекешелендірілген кәсіпорындардың жалпы санының 60%-ын бөлшек сауда, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету, коммуналдық шаруашылық және басқадай нысандар құрады. Соның басым бөлігі сауда (29,6%) және тұрмыстық қызмет көрсету (25,8%) нысандарының үлесіне тиді.

Алайда Қазақстандағы жекешелендірудің бірінші кезеңінің тәжірибесі ұжымдық ынта білдіруге бағытталып жасалған меншікті қайта құру құралдарының мүмкіндігі шектеулі екенін көрсетті. Елімізде ынталы жекешелендіруден бірыңғай сценарий бойынша жекешелендіруге көшу туралы жедел шешім қабылдау қажет болды.

«Тәуелсіздік белестері», Н.Ә.Назарбаев.