МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУ

2000 жылдары орталық және жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жұмыстары жігерлі түрде қолға алынды. Еліміздің тұрақты экономикалық өсу соқпағына түсуіне байланысты, енді әкімшілік-бюджеттік реформа жүргізу міндеті алдыңғы лекке шықты. Жаңа жағдайда Қазақстанға бюджетаралық қатынастардың еліміздің ерекшеліктеріне сәйкес келетін адекватты үлгісі қажет болды. 2001 жылдың қазан айында-ақ Бюджетаралық қатынастарды орталықсыздандыру және жетілдіру жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. 2002 жылғы Жолдауда мемлекет құрылысы мен жергілікті басқару басты тақырыптардың бірі ретінде қарастырылған-ды. Соның ішінде Үкіметтің мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді бөлу тұжырымдамасын дайындап жатқаны мәлімделген болатын.

2003 жылдың ақпанында Үкімет Мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді бөлу және бюджетаралық қатынастарды жетілдіру тұжырымдамасын бекітті. Мемлекеттік функциялардың оңтайлы тізімі әзірленді, содан соң ол функциялар орталық пен өңірлерге бөліп берілді. Содан бергі жылдарда қаражатты орталық пен өңірлерге үлестірудің жаңа үлгісі қалыптасты.

2009 жылдың қаңтарында Қазақстанда, бюджет деңгейлерінің шығынға қатысты өкілеттіктерін және оларды атқаратын барлық деңгейдегі әкімдердің жауапкершілігін белгілейтін Бюджет кодексі күшіне енді. Жергілікті атқару органдарының құрылымдары бекітілді. Алайда ауылдық, кенттік, қалалық (аудан аумағындағы) басқару деңгейлерін нығайта түсу міндеті басы ашық күйінде қалған еді. Ел жаһандық дағдарыс салдарларымен күресу жағдайында болғандықтан, бұл міндет келесі мерзімдік циклға – 2010-шы жылдарға қалдырылды. Мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді бөлуге және жинақы да ширақ атқару билігін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар әрі қарай жалғаса берді.