МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУ

2000 жылғы Жолдауда мемлекеттік қызметшілерді іріктеу жүйесін түбегейлі өзгерту жөнінде сөз болған еді. 2000 жылдың өзінде ғана шамамен тоғыз мыңдай мемлекеттік қызметші ашық конкурс нәтижесі бойынша жұмысқа қабылданды. Ал бұл мемлекеттік лауазымды орынға конкурстық іріктеу жүйесі ешқашан болмаған, қашанда телефон құқығы мен тамыр-таныстық, саяси сенімділік үстем боп келген ел үшін үлкен жаңалық болатын.

2005 жылдың сәуірінде қол қойылған, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қызметiндегi тәртiп пен реттiліктi нығайту жөнiндегі шаралар туралы» Жарлық мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыратын заңнамалық актілердің ішінде ерекше орын алады. Сол жылы Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексі қабылданды. Ол мемлекеттік қызметшінің азаматтармен, қарамағындағы адамдармен қарым-қатынасын қоса алғанда, қызмет бабындағы іс-әрекет шеңберінің стандартын, сондай-ақ көпшілік алдында сөз сөйлеудің ережелерін белгіледі. Жемқорлық қылмыс жасаған тұлғаларды мемлекеттік лауазымды қыз метке алуға тыйым салатын тармақтың қосылуы кодекс талапшылдығын күшейте түсті.

2000 жылдары Қазақстанда мемлекеттік қызметтің халықаралық сарапшылардан жоғары баға алған үлгісі қалыптасты. Алайда уақыт өте келе, комиссиялардың жеткілікті дәрежеде әділдік танытпауы, конкурстар нәтижесінің алдын ала белгілі болуы, тағайындаудың заңды тәртібінің кадрлық резервінен «айналып өту», «команда боп көшіп жүру» әдеті секілді бірқатар мәселелер анықтала бастады.

2011 жылдың шілдесінде мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісінің тұжырымдамасы бекітілді, ол «мемлекеттік қызмет» ұғымының өзін қайта жаңғыртып, «ұлтқа қызмет етудің» синониміне айналдыруды ұсынды. Меритократия, тиімділік, нәтижелілік, ашықтық және қоғамға есеп беруге міндеттілік мемлекеттік қызмет дамуының жаңа кезеңіндегі негізгі қағидалары болып жарияланды. Осыған сәйкес заңнамалық өзгертулер 2012 жылдың желтоқсанында қабылданды. Олар мемлекеттік қызметке келудің ашық механизмдерін енгізу арқылы мемлекеттік аппарат кәсібилігін арттыруға, бағалау жүйесін пайдалануға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерді ынталандыруды жетілдіруге және қызмет этикасын сақтауға бағытталған еді.