ЕЛ ЖӘНЕ ЕЛБАСЫ

Егемен Қазақстанның дүниеге келуі қарсаңында болған кезеңнің тарихи ерекшелігі сол, оны аса ірі мемлекеттік құрылым – Кеңестік социалистік республикалар одағының жан тәсілім кезіндегі жағдайымен салыстыруға болатын еді. Мемлекеттік құрылым экономикалық және саяси дағдарыстардан ес-түссіз талмау күйде болды. Сол уақытта бұл ауыр үрдіске қоғамдық ақыл-ой тарихтың қысқаша курсына боямасыз жіті көзбен қарады да, әлеуметтік сана осынау ауыр көріністен біржола сансырап қалды. 1985 жылғы Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің сәуір пленумынан басталған «қайта құру» қашан құрдымға кеткенге шейін ел өз тарихының шым-шытырық оқиғаларын ой елегінен өткізді. Миллиондаған саяси қуғын-сүргін құрбандарының бейнесін тірілтіп, тоталитарлық режимнің зауалына ұшыраған зиялы қауым тұлғасына жан бітірді, үлкенді-кішілі халықтардың жадына төл тарихының естеліктері орала бастады. Көбінесе бұрынғы КСРО-ның түрлі аймақтарында бұл үрдіс ұлттық шиеленістер толқуын, саяси тартыстар мен қарулы қақтығыстар тасқынын туғызды. «Аурудың» асқынғаны соншалықты, әлі күнге дейін бұрынғы КСРО-ның кейбір аймақтары осы ауыр жағдайдан шыға алмай, үрейге толы жаңалықтар мәліметтерінде планетаның «шиеленісті нүктесі» ретінде көрініс беруде. 2005 жылы наурызда Грузия Президенті Михаил Саакашвилидің Қазақстанға алғаш ресми сапармен келуі барысында бірге өткізген баспасөз конференциясы түседі. Ол сонда журналистердің сұрақтарына жауап бере келіп, өз елінің тәуелсіздікпен өткен он бес жылын өлім халіндегі жан ағзасына дем сала бастаған жағдайымен салыстырған еді. ТМД- ның бірќатар елдерінің экономикасы шамамен осындай жағдайда болды.

Қазақстанды дағдарған күйден дамуға алып шыққан Елбасының мықты ерік-жігері екенін мойындауымыз керек. Тарих лайықты бағасын береді деген үміттеміз.