ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ АЛҒАШҚЫ ҮШ ЖЫЛЫ

Үкімет алғашқы үш жыл бойына (1992-1994 жылдары), саясаттағы және басқа да салалардағы қиындықтарға
қарамастан, экономиканы ырықтандыруға, нарықтық қатынастардың заңдық жєне институттық базасын жасауға, нарықты тұтыну тауарларымен толтыруға талпынды. Экономиканы ырықтандырудың жүзеге асырылуы еліміздің өндірістік және экономикалық
әлеуетін қысқартуға ықпал еткен көптеген проблемаларды анықтады. Бұл проблемалар экономиканың техникалық жағынан артта
қалуымен, тауарлардың және қызмет көрсету түрлерінің бәсекеге қабілетсіздігімен, мемлекеттілік және нарықтық институттардың,
заңдық базалардың, қаржы және кадр ресурстарының болмауымен байланысты еді.
Сол кезеңде Қазақстан мен оның басшылығы атына көптеген шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан айтылған өте көп сындар, кейде тіпті ақылға сыймайтын сандырақ пікірлер мен
пайымдаулар болды. Бұл мәлімдеулерде Қазақстанда реформа жүргізудің орындылығы, шекараны қайта қарау мүмкіндігі және тағы басқалар туралы мәселелер өткір қойылды.

Сыншылдық сарынды Ресейдің тәуелсіз басылымдары бастағанын да айтуымыз керек. Олардың беттерінде Солженицын секілді Жириновский де ерекше көзге түсті. Қазақстан деген бұл уақытша құбылыс, ол тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүре алмайды, Қазақстанда орыстардың құқысы шектелуде-міс деп мәлімдеді ол. Ресейлік жаңа либерал саясатшы-экономистер: Қазақстан Ресей Федерациясымен байланысын жоғалтып, банкротқа ұшырайды да, «Ресейге тізерлеп өзі-аќ келеді», — деп сәуегейсіді. «…Қазіргі экономикалық саясат сақталған жағдайда, деп болжайды ресейлік сарапшылар, Қазақстанды таяу болашақта гиперинфляция, дәлірек айтқанда – ұлттық валютаның күйреуі мен жалпы қаржы-экономика апаты күтіп тұр. (…) өлім қаупі алдағы жылдың наурызынан кешікпей келеді». «Независимая газета», 27 мамыр 1994 жыл.

Тарихтың өзі көрсеткендей, бұл «болжамдардың» бәрі жүзеге аспады. Ол ол ма, тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейінгі он жылдан соң, посткеңестік кеңістікте, Қазақстан көптеген салаларда көшбасшы болды. Елімізде тұрақты әлеуметтік-саяси жағдайдың сақталуы, ұлттық валютаның табысты енгізілуі, халықаралық қаржы институттарына кіруі және экономиканың әкімшілл-әміршіл принциптерінен түбегейлі бас тартуы, осының нәтижесінде, халықаралық қауымдастықтың Қазақстанды мойындауы – экономика саласын реформалаудың алғашқы кезеңіндегі басты жетістіктер осындай болды. Мемлекетіміз бен экономикамыздың тәуелсіздігін алыс-жақын атырап түгел таныды.