ЖОСПАРЛЫ ЭКОНОМИКАДАН БӘСЕКЕЛЕСТІККЕ ҚАРАЙ БАСЫЛҒАН ҚАДАМ
Жаңа экономиканы құру – қиын да тәуекелді міндет. Бір кезде біздің экономикамыз сын көтермеді. Мүлде әртүрлі халықтар мекендеген «құрлықтың алтыншы бөлігі» бір идеямен өмір сүрді. Бәлкім, біздің бәрімізді біріктірген тұғырнаманың дәл осы идеяшылдығы кеңестік мемлекеттің басқадай барлық құрамдас бөліктері үстінен саясаттың үстемдік етуіне себепші болған шығар. Одақтас республикалардың «тіндерін» бір орталыққа түйіндеп, «бір ұлы отан» идеясын қолдау үшін нақ осы ақылға қонбайтын экономикалық заңдар бойынша өндірістік және шаруашылық байланыстар құрылған-ды. Алайда, табиғат заңдары секілді, экономика заңдарында да объективті сипат болады, ол адамдардың қалауы бойынша қайта жазылмайды немесе жойылмайды. Кеңестік кезеңнің «Жарқын болашаққа» жету жолындағы саяси бағыты сабын көпіршігі секілді жарылып кетті. Әрине, оған көптеген жайлар, бірақ негізінен – тиісті экономикалық негіздің жоқтығы себепші болды. Қашан Идея жоққа шығарылғанда, ал мемлекет өз өмірінің соңғы жылдарын әупірімдеп өткеріп жатқанда, жаппай етек алған дағдарыстан шегіне жетіп созылған бұл жасанды экономикалық «тіндер» бырт етіп үзіліп кетті. Осы қиын жағдайдан шығудың жолын іздеген кеңестік басшылық жаңалыққа көшуге тырысты, бірақ ол ескі «кеңестік» тәсіл бойынша саясаттан басталды. Бұл көшу тығырыққа әкеп тіреді.
Экономика – саяси тәуелсіздіктің негізі. Егер ел экономикасын реформалау жөнінде жасалған алғашқы қадамдар, дұрысында тек сол кезеңдегі «посткеңестік» бейберекеттік ішіндегі кезек күттірмейтін шаралар болса, ал қазіргі жүргізіліп
жатқан реформалар стратегия мен айқын жоспарлардың шеңберіне сыйғызылған және болашақтағы нақты нәтижеге бағытталған.
Бұл нәтиже – біздің елімізге әлемдік деңгейде ойдағыдай бәсекелестікке түсуге жағдай туғызуға бейімі бар күшті, диверсификацияланған экономикалық жүйені құру. Сонымен бірге, бұл тек
нарыққа және басқа да экономикалық түсініктерге жол ашу үшін ғана емес, жалпы бейнелеп айтқанда, «күн астындағы өз орнымызды» табу үшін бәсекеге түсу еді.
Президенттің Қазақстан халқына жыл сайын Жолдау арнау дәстүрі «Қазақстан стратегиясы – 2030»-дан басталды. Әрбір жолдау – біздің жалпы Стратегиямыздың құрамдас бөлігі және
біздің жолымыздың құрамдас бөлігі. Ал кейінгі жылдарғы Жолдау «Ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің» белгісі болады.
Елдің бәсекеге қабілеттілігі елдің әрбір азаматының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік туғызатын қолайлы жағдайлардың жиынтығымен айқындалады. Адамдар туралы айтқанда, австриялық экономист Йозеф Шумпетердің анықтамасын мысал ретінде
келтірсем бе деймін. Шумпетердің айтуынша, кәсіпкер тек басқарып қана қоймайды, ол басқару жөнінде тың, ерекше шешімдер қабылдайды. Кәсіпкер жаңартулар енгізеді және экономикалық тәуекелге бару үшін өзіне жауапкершілік алады.
«Дүниені өзгерткің келсе – өзіңнен баста» деген қанатты сөзді басшылыққа ала отырып, біздің әрқайсымыз бәсекеге түсуге және
жеңіп шығуға үйренуіміз керек. Ал біздің жалпы бәсекеге қабілеттігіміз, түпкі нәтижеде, халықтың жақсы тұрмысына жеткізеді. Мен бұл арада жаңағы айтылғандардың мағынасына неғұрлым
тереңірек тоқталғым келеді. Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі ұлттың тек материалдық қана емес, рухани баюына да әкелуі тиіс.