КАСПИЙ КОНВЕНЦИЯСЫ. ЕЛБАСЫ ЕҢБЕГІ

Каспий теңізін пайдалану құқығының айқын еместігі әу бастан-ақ Каспий шельфінде мұнай-газ индустриясының дамуына өзінше бір тежеу болды. Осындай айқын еместіктен барып бірқатар компаниялар қолайлы күндердің тууын күтті.
Әрине, Каспийдің құқықтық мәртебесі жөніндегі бұлдырлықтан қалыптасқан геосаяси және экономикалық ахуал мәз емес еді. Тарихи жағынан жағдай былай қалыптасқан-ды: геостратегиялық тұрғыдан алғанда аса маңызды саналатын бұл айдын 1991 жылға дейін тек Кеңес Одағы мен Иранның арасындағы өзара қарым-қатынастың ғана мәселесі болып келді. КСРО тарағаннан кейін бұл аймақтағы ахуал тіпті шиеленісе түсті. Бұл мәселеге енді бес бірдей тәуелсіз мемлекет – Әзірбайжан, Ресей, Иран, Түрікменстан жєне Қазақстан араласты. Ал мұның өзі Каспий аймағындағы барлық елдердің ұстанымдары ескерілетіндей және уақыт талабына жауап беретіндей етіп Каспий теңізінің мәртебесін қайта қарап, айқындауды талап етті.
Сондай-ақ мәселенің зәрулігін күшейте түскен бір себеп: 1992-1993 жылдардағы жағдайдың қиындығына байланысты Каспий өңіріндегі елдердің барлығы да Каспийдің бай ресурстарын игеру өздеріндегі экономикалық және әлеуметтік-саяси жағдайды айтарлықтай жақсартуға көмектеседі деп есептеді. Алайда өзара шектескен ұлттық секторлардағы Каспий теңізінің құқықтық режимін нақты айқындап алмайынша, барлау мен бұрғылау жұмыстарын бастау, шетел инвесторларын барынша көп тарту толымды түрде мүмкін емес еді.
Келешекте Каспий теңізінің көмір-сутегі ресурстары Солтүстік теңіз, Мексика бұғазы және басқалар секілді ірі мұнайлы аймақтармен бәсекелесе алатыны түсінікті болды. Міне, осыған байланысты Каспий теңізінің проблемасы әу бастан-ақ аймақтық көлемнен асып, әлемдік маңызға ие бола бастады.
Сондықтан КСРО тарап, Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін, біздің сыртқы саясат ведомствомыз бен Каспий өңірі елдері арасында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы келіссөздер жүргізіле бастады.

Дәл осы кезді Елбасы өз естелігінде «… өздерінің күштілігін сезінген және үлкенірек үлестерден дәмесі бар ұлы мемлекеттердің басшыларымен қиын келіссөздер жүргізуге тура келді. Мен жеке өзіме қатысты жайларда басқаларға есе беруім мүмкін екенін әрдайым ашық айтамын. Ал, егер мәселе халық пен елге қатысты болса, онда мен екі жақты бірдей қанағаттандыратын балама шешімдерді іздеп табуды ұсынатынмын» дейді. Каспий мәртебесі жөніндегі келіссөздерде де дәл солай болды. Алайда біздің белсенді әрекеттерімізге қарамастан, Каспий өңіріндегі мемлекеттер өкілдерінің алғашқы кездесуі тек 1994 жылдың қазанында ғана Мәскеуде болды. Онда Иран Каспийлік мемлекеттердің аймақтық ынтымақтастық ұйымын құру идеясын алға тартты. Ал қазақстандық делегация «бестіктің» ішінде бірінші болып Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияның жобасын ұсынды, бірақ та, «уақыттың жеткіліксіздігінен» ол егжей-тегжейлі қарастырылмады.
Дегенмен, бұл бірінші кездесу болды, мұның өзі сонысымен елеулі еді. Келіссөздер үрдісі, ақыры «қимылсыз нүктеден» ілгері жылжыды. Кейін 1995 жылдың мамырында Алматыда тағы бір кездесу өтті.

Шешуші басқосу 2018 жылы өтті. Ақтау қаласында бес ел — Қазақстан, Әзірбайжан, Ресей, Иран және Түркіменстан басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтайтын конвенцияға қол қойды. Осылайша, 20 жылдан астам уақыт бойы жалғасып келген келіссөздер өз нәтижесін беріп, Каспий маңы елдері ортақ мәмлеге келгендей болды.