ОТЫЗ ЖЫЛДА ОҢАЛЫП, ЕЛУ ЖЫЛДА ЖАҢАРҒАН ЕЛ

«Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бүгінгідей бейбіт заманда тәуелсіздік туралы айтылар ән де, жазылар жыр да таусылмақ емес. Азат елдің армандаған таңы атып, отыз жылда еліміз аяқтан нық тұрды. Отыз жылда оңалған ел елу жылда жаңаруға бет алды. Көрікті келешек қол бұлғаған қалаларымыз қаншама? Соның ішінде шырайлы Шымкенттің орны қашан да бөлек әрі ыстық. Халық саны тығыз орналасқан  шаһар ыстық пейілімен, еңбекқорлығымен тәуелсіздіктің нығаюына үлес қосып келеді. Еліміз егемендік алған жылы қала халқының саны 440,5 мың адамнан  арада аттай отыз жыл аунап түскенде 1074,2 мың адамға көбейіпті! Сәйкесінше, қала бюджеті де 1994 жылғы 1,0 миллиард теңгеден  бүгінгі күнде 450 млрд. теңгеге артқан.

Шымкент қаласының өнеркәсібі еліміздегі өндіріс көлемінің жалпы 2,5% — ын құрайды. Тәуелсіздік жылдары қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 10 млрд. теңгеден  654 млрд. теңгеге дейін артты. Бүгінде үшінші қала Қазақстан бойынша бірнеше тауар түрлері бойынша салмақты үлеске ие. Лның ішінде – мақта майы-96,1%, дайын шыныдан жасалған бұйымдар – 67%,- мотор отыны (бензин, оның ішінде авиациялық) — 49,0,  газойли (дизель отыны) – 30,2;  цемент клинкерлер-30,9%. — портландцемент-29,5%-ды құрайды. Сондай-ақ,  дәрілік препараттар-41,4;%, – қайта өңделген шай және кофе-22%,  макарон – 19,6%,  хлор-қағаз маталар-96,6%;  шұлықтар-60,8%,  кілемдер және кілем бұйымдары-100 пайызды,  көміртегі диоксиді-66,5%,  майда тартылған ұн-12%,  ағаш терезелер мен есіктер-10,1% болып табылады.

Шымкент қалалық  экономика басқармасының мәліметінше, тәуелсіздік жылдары қалаға 2 трлн. теңгеден астам инвстиция тартылыпты. Қала құрылысы қарқынды дамып, өз шекарасына Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарынан 77,0 мың гектар жер телімі қосылып, қала аумағы 116,3 мың гектарға дейін ұлғайған.

Соңғы отыз жылда қала келбеті түбегейлі өзгеріп, сәулетіне сән, дәулетіне дән қосылды. Қызу құрылыс алаңына айналып,  98 мектептің құрылысы жүргізіліп, 470  балабақша ашылды. Осы жылдары 6 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

1991-2021 жылдары 6 мемлекеттік және 21 жекеменшік ауруханалар іске қосылды. Сонымен қатар, «Құралдарды және медициналық мақсатта қолданылатын бұйымдарды залалсыздандыру орталығы» іске қосылды. Нысандар заманауи алдыңғы қатардағы медициналық құралдармен жабдықталды. Бұл медицина қызметкерлерінің ашық жүрек, ағза ауыстыру бойынша күрделі оталарды жасауына мүмкіндік берді.

Жан-жақты мемлекеттік қолдаумен ауыл шаруашылығы өнім көлемі 442 млн. теңгеден 2020 жылы 36 млрд. теңгеге дейін артқан. Шымкент елімізге ежелден базар, сауда жасау ісімен белгілі, еңбекқор халқымен әйгілі. Уақыт шеңберінде  халықтың сауда жасау мәдениеті де қалыптасты. Қалада жаңа форматтағы бірнеше ірі сауда орталықтары мегаорталықтар, «Метро», «Магнум», «Фиркан», «Шымкентплаза» тағы басқа көптеген  ойын-сауық, сауда орталықтары ашылды.

Келбеті күн санап өзгерген мегаполистің күнделікті тіршілігінде орын алған  жаңашыл өзгерістер  мен өмір сүруге деген құлшыныстың өзі тәуелсіздікті нығайтуға деген  талпыныс болса керек!

                                                               Л. Мәлік.