ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ ҚАУҚАРЛЫ ҚАЗАҚСТАН

2000 жылдан Қазақстан Қарулы күштерін қаржыландыру көлемі арта бастады. Экономиканың өсуі қорғаныс бюджетін қаржыландыруға да жағымды әсер етіп, ол жыл сайын көбейе түсті және ІЖӨ-нің 1 процентін
құрады. 2000 жылғы Жолдауда Елбасы әскери округтер құра бастағанымызды, шекарамызды нықтап алғанымызды айрықша атап өткен болатын. 2002 жылға дейінгі мерзімді қамтыған Әскери құрылымның мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың бірінші кезеңінде Қарулы күштердің құрылымы оңтайландырылды, мобильді күштер құрылды, оның құрамына «Қазбат» бітімгерлік батальоны кірді. 2006 жылы оның негізінде «Қазбриг» бригадасы пайда болды. Екінші кезеңде (2005 жылға дейінгі мерзім) жасақтаудың аумақтық ұстанымына ауысу жалғасын тауып, Оңтүстік, Шығыс, Орталық және Батыс әскери округтері құрылды. 2000 жылдардың бірінші жартысында қаруланған заңсыз құрамаларға қарсы іс-қимыл жүргізу секілді бірқатар оқу-жаттығулар өткізілді. Оңтүстік шекараларда ТМД елдері лаңкестікке қарсы күштерінің өзара ықпалдаса
әрекет ету мәселелері шешіліп жатты. 2002 жылдың көктемінде Сарышаған полигонында «Отан қалқаны-2002» атты ірі жаттығу болып өтті. Бұл Қарулы күштердің мерейтойы қарсаңында егемен Қазақстан әскерінің әлеуетті
екеніне көз жеткізген маңызды сынақ еді.
2003 жылдың 7 мамырында мен қол қойған Қарулы күштердің құрылымын жетілдіру туралы Жарлық Қазақстан Республикасының қорғаныс саласын үйлестіре дамытудың жаңа кезеңінің бастауы болды. Бас штаб негізінде штаб басшыларының комитеті құрылды. Қарулы күштердің үш түрлі құрылымына көшу жүзеге асырылды – Құрлықтағы әскер, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштері. Ұтқыр күштер негізінде Жоғарғы Бас Қолбасшының резервті күші – Аэроұтқыр әскер жасақталды. Басқаруды оңтайландыра түсу үшін әскери округтер «Батыс», «Шығыс», «Оңтүстік» және «Астана» атты өңірлік қолбасшылықтар болып өзгерді.

2005 жылдың маусым айында «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» заң қабылданып, қызметтің жаңа мерзімін белгіледі: мерзімді қызмет әскери қызметшілерге – 12 ай, мерзімді қызмет офицерлерге – 24 ай болды.
2006 жылы Қарулы күштерді дамытудың 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. 2007 жылы лаңкестер, экстремистер, заңға бағынбайтын бандалық құрамалар тарапынан төнер қауіпке лайықты жауап бере алатын жаңа Әскери доктрина бекітілді. 2011 жылдың ақпан айында Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Н.Назарбаев: «Әскери құрылымымыздың іргесіне негіз болып қаланған басты қағидалар мен механизмдердің дұрыс таңдап алынғанын өткен жиырма жыл айқын аңғартты», деп, нық жауапкершілікпен мәлімдеді.
Сөйтіп, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда егемен елдің қорғанысын, қауіпсіздігін және экономикалық мүдделерін сенімді түрде қамтамасыз етуге қажетті барлық құрылымдар қалыптасты. Елдің алаңсыз, бейбіт дамуына қолайлы жағдай туғызатын сенімді қалқан жасалды.