ЛАТЫН ӘЛПБИІНЕ КӨШУ — МЕЗГІЛІ ЖЕТКЕН МӘСЕЛЕ
Әлем дамуындағы қазіргі тенденциялар тілге назар аударуды ерекше талап етеді. Күннен-күнге өзгеріп жатқан дүниенің қарқынына ілесе алмаған жағдайда ол оның жоғалуына әкелуі мүмкін. Ғаламшарымыздың ғылыми әрі технологиялық дамуы адамдардың тілдік әрі сандық қарым-қатынасына қиындық тудыратындай дәрежеде терминологияның кеңеюіне әкеліп отыр. Сондықтан, қазақ тілінің де әлем халықтарының 75 пайызы қолданатын латын әліпбиіне көшіп, жаңартылатын уақыты жетті. Бұл бір жағынан қазақ грамматикасы мен лексикасының кемелденуіне әкелсе, екінші жағынан еліміздің сандық, ғылыми, мәдени әлемдік ақпарат кеңістігіне шығуын жылдамдатады.
Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К. Тоқаевтың латын графикасына негізделген әліпбиді жетілдіруге қатысты берген тапсырмасынан кейін бекітілген әліпбиді ғылыми тұрғыдан зерделеп, практикалық тұрғыдан апробациядан өткізу жұмыстарын Орфографиялық жұмыс тобы ғалымдары жүргізді. Жалпы латын графикасына негізделген 20-дан астам жоба қарастырылды. Әліпби жобалары авторлардың тікелей қатысуымен ғалымдар тарапынан талқыланып, сараланды.
2020 жылғы 14 ақпанда барлық өңірлерде әліпби бойынша берілген ұсыныстарға қатысты ашық талқылау өтті. 2020 жылғы 20 ақпанда Ұлттық комиссия жанынан құрылған орфографиялық, әдістемелк, терминологиялық және техникалық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтарының қатысуымен «Латыннегізді қазақ әліпбиі: ұсыныстар, талқы және нәтиже» атты кеңес өткізілді.
13 наурызда 4 жұмыс тобының кеңейтілген отырысы және 15 сәуірде орфографиялық жұмыс тобының онлайн-отырысы өткізілді. Күн тәртібінде «у», «й», «і» таңбаларының дыбыстық мазмұны талқыланды. Шараға 30-дан аса жұмыс тобы мүшелері мен мамандар қатысты. Сонымен қатар, биыл 20-24 сәуір аралығында «ONLAINda bol» жобасы аясында «Жаңа әліпби негізіндегі ұлттық жазудың жаңғыруы» тақырыбында онлайн дәрістер ұйымдастырылды.
Әліпбиді жетілдіру жұмысын қорытындылау кезеңінде Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев әліпби жобасын БҒМ-мен бірлесе отырып, тиісті мамандармен егжей-тегжейлі талқылауға қатысып, 28 мамырда тапсырма берген болатын. Осы ретте 2 маусымда өткен орфографиялық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында әліпби ғылыми тұрғыдан қайта зерделенді. Әліпби жобасына берілген ұсыныстар әдістемелік тұрғыдан қарау мақсатында БҒМ жолданды.
Жазуды жаңа әліпбиге көшірудің мәдени-әлеуметтік, лингвистикалық, экономикалық, саяси, ақпараттық, педагогикалық себептері бар. Осы орайда, қазақ жазуын латын графикасына көшіру де мезгілі жеткен мәселе екенін қазіргі Қазақстан қоғамында болып жатқан талқылаулар көрсетіп отыр.