ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛНАМАСЫ: ЖАҢАРҒАН ЖОЛДАР
Тәуелсіздік алған жылдардан кейінгі жылдарда Елбасы пәрменімен еліміздің төрт бұрышын жалғастыратын жолдар ашылды. Бұл кезеңдерде Қазақстан темір жолын дамытудың өзіндік қиындықтары болды. Өйткені, елімізде темір жол қатынасы болғанымен, оны жарақтандырудың, материалдық-техникалық базасының барлығы КСРО кезінде бұл аймақта мүлдем қарастырылмаған-ды. Соған қарамастан республикамызда ішкі жолдарды жетілдіру кеңінен қолға алынды.
Ақсудан басталған жол
«Қазақстан -2030» бағдарламасының талаптарына сай 1998 жылы мамыр айында алғаш рет егемен Қазақстанның тарихында Павлодар облысының Ақсу қаласы мен Шығыс Қазақстан облысындағы Дегелең арасындағы темір жол құрылысы басталды. Жолдың жалпы ұзындығы — 184 шақырым.
Елбасымыз Павлодар облысына жұмыс бабындағы сапары кезінде осы шараның салтанатты ашылуына қатысты. Сонда ол солтүстік пен шығысты жалғастыратын жолдың маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның пайдалануға берілуімен бұрынғы айналма қашықтық 600 шақырымға дейін қысқарды. Жаңа маршруттың жүк тасымалы алғашқы жылдары шығындарды 15-20%-ға қысқартуға мүмкіндік берді, кейін одан да азайтты.
Президент салтанатты шарада тәуелсіз Қазақстанның ішкі темір жолдары құрылысын бастау қолға алынатын болады деп мәлімдеген еді. Сонымен бірге “Ақсу – Дегелең” жобасын ел экономикасының қайта өрлеуі көрсеткіші ретінде де сипаттады.
Хромтаудан — Астанаға
Егемен Қазақстан жеріндегі екінші маңызды темір жол құрылысы — Қостанай облысындағы Алтынсарин станциясы мен Хромтау арасын байланыстыратын темір жол магистралі.
Бұл жолдың құрылысы 53 айдың шамасында салынып бітеді деп есептелінді. Бірақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей пәрменінің негізінде жол құрылысы ерекше жоғары қарқынмен жүргізілді. Бұрын Астанаға бару үшін Ресей арқылы айналатын жолаушылар енді тура жолға түсетін болды. Аталмыш жол Ақтөбе облысының бұрын темір жолы болмаған Әйтеке би ауданы үстінен өтіп, елге жаңалық алып келді. Бұдан басқа республикамыздың солтүстік және орталық аймақтарымен батыстың арасындағы жүк қатынасы реті орташа есеппен алған 1,5 мың шақырымға қысқарды. Ақтау теңіз порты арқылы астық тасымалдау жеңілдеді.
Хромтау –Алтынсарин темір жолының ұзындығы 402,6 шақырым құрайды. 2001 жылы маусым айында басталған бұл құрылысқа 33,065 млрд.теңге жұмсалды.
Хромтау – Алтынсарин аралығындағы жұмыс істейтін желілер учаскесі бойынша 2005 жылы 5500 мың тонна, 2006 жылы 7882 мың тонна жүк тасымалданды.
Бүгінде Астанаға барып келу ақтөбеліктер үшін аса қиынға соғып тұрған жоқ. Бүгін жолға шыққан адам бірер күнде шаруасын бітіріп, қайта айналып келіп жатады. Соның бәрі тікелей тартылған темір жолдың арқасы.
Шар шақырымдары
151 шақырымдық Шар – Өскемен темір жолы еліміздің экономикалық-әлеуметтік ахуалын ілгерілетуге мол септігін тигізді. Бұл аталған жаңа жолдар мемлекет ішінде тасымалдаулардың қашықтығын шамамен 700 шақырымға қысқартты.
2008 жылдың желтоқсан айында іске қосылған бұл құрылыс арқылы Қазақстанның солтүстік-шығыс бөлігі ұлттық темір жол желісін құрылымдау аяқталды деп мәлімделді ресми орындар тарапынан. Сөйтіп, шығысқазақстандықтар бұрынғыдай Ресейге соқпастан және қосарлап кедендік бақылаудан өтпестен Астанаға, Алматыға, еліміздің басқа да қалаларына өз жерімізбен баратын болды.
Шығыс Қазақстан өңірінің тұрғындары осы жол арқылы еліміздің оңтүстік аумағына шығып, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Иран, Ауғанстан елдеріне де баратын сапарды жеңілдетті.
Жаңа жолдың жетістігі ретінде мынадай дерек келтірілді: бұрын бір Өскеменнің аумағында Защита стансасынан Шарға дейін 26 сағат 37 минут жүретін болса, қазір бұл аралыққа жолаушы 4 сағат 4 минутта жетіп барады.
Бұл құрылыс салыстырмалы түрде қысқа мерзімде, 41 ай ішінде салынып бітті. Жобаның құны 24 млрд. 299 млн.теңге құрады. Пайдалануға берілген алғашқы қарқында-ақ мұнда тәулігіне 15 жүк пойызын, 3 жолаушылар пойызын өткізу қамтамасыз етілді. Үш жүзден астам адам жұмысқа орналасты.
Жобаның бір ерекшелігі, ол ТМД кеңістігі бойынша мемлекеттік-жеке әріптестік принципінде жүзеге асырылды. Бұл — Қазақстандағы концессиялық негізде пайдалануға берілген алғашқы инфрақұрылымдық жоба.
Өзеннің өрлеуі
Маңғыстау облысындағы Өзен станциясынан Түрікменстанмен мемлекеттік шекараға дейінгі темір жол да қысқа мерзімде салынып, еліміздің сыртқа шығу қабілетін арттырды. «Өзен – Түрікменстан мемлекеттік шекарасы» темір жолы құрылысының бітуінің тек өңір үшін емес, тәуелсіз еліміз үшін үлкен стратегиялық маңызы зор. Осы жол Қазақстанды Қытай, Кеден одағындағы әріптестеріміз – Ресей, Беларусь мемлекеттерімен бірге Парсы шығанағына және Иранның теңіз айлақтары арқылы халықаралық нарықтарға тікелей шығуға мүмкіндік тудырады. Сарапшылардың пікіріне сенсек, бұл транзиттен түсетін пайда болашақта еліміздің мұнай-газ саласының кірістерінен де асып түседі екен.
Бұл жолды салу қазіргі техника мен технология аса дамыған заманның өзінде оңайға соққан жоқ. Құрылысшылар таң қараңғысынан тұрып жұмысқа қосылып, күн қыза демалуға мәжбүр болды. Күннің аптап ыстығымен бірге үздіксіз бораған жел де оларға көп кедергі келтірді. Соған қарамастан көздеген меже орындалды.
Жол пайдалануға берілген алғашқы жылдың өзінде тоғыз миллион тоннаға дейін жүк тасымалданды. Сегіз жүзден астам жаңа жұмыс орындары ашылды.
Құрылыс салу кезінде екі мыңнан астам жол құрылысшылары жанқиярлықпен еңбек етті, олар 146 шақырым жол төсеп, 7 жаңа стансалар мен разъездер қабырғасын тұрғызды, төрт көпір салды, 68 жасанды құрылымдарды іске қосты. Желі бойы толығымен электр энергиясымен қамтамасыз етіліп, талшықты-оптикалық байланыс пайдалануға берілді.
«Жетіген – Қорғас» желісі
Еліміздің көлік жүйесін дамытуда транзиттік әлеуетті пайдалануға үлкен мүмкіндік беретін «Жетіген – Қорғас» халықаралық темір жол жобасының негізі Қазақстан мен Қытай мемлекет басшыларының кездесуінде қаланған болатын. Президент Н. Назарбаевтың 2006 жылғы желтоқсандағы ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында екі ел темір жолын шекаралық аймақтағы Қорғас стансасы арқылы жалғастыру мақсатында «Жетіген – Қорғас» желісі құрылысын жүргізу туралы меморандумға қол қойылды.
«Жетіген – Қорғас» темір жол желісінің құрылысы — Қазақстанның көлік саласындағы ірі жобаларының бірі. Стратегиялық маңызды магистраль іске қосылған кезде Қазақстан-Қытай арасындағы екінші темір жол өткелі ашылды.
Қазақстан Республикасының темір жол желісі ресми түрдегі бірнеше еуразиялық жер үсті дәліздеріне халықаралық көліктік бағдарларға шығады. Оның ішінде Шығыс-Батыс бағдарымен (Қытайдың шығыс жағалауындағы) Ляньюнган теңіз портынан шығатын Қытай-Қазақстан көліктік дәлізіндегі орны ерекше. Достық-Алашаңқай шекаралық бекетінен басталып Қазақстаннан Ресейге (Озинки шекаралық бекеті арқылы, Новоресей портына, Брест шекаралық бекеті, Чоп, Петропавл стансасы, әрі қарай Санкт-Петербург) көлбей өтеді.
Бұл көлік дәліздерінің темір жол инфрақұрылымын жетілдіруі Қазақстанның көліктік кешенінің еуразиялық халықаралық көлік бағдары желісіндегі бәсекелестігін нығайтады. Жетіген-Қорғас темір жол желісінің ұзындығы 293 шақырым. Жоба бойынша 14 жол айырықтары ашылды.
Батыстан — Орталыққа
Ендігі үлкен жоба Бейнеу–Жезқазған темір жолын салу да Елбасының ерекше көңіл бөлуімен жүзеге асырылуда. Бұл құрылыстың басты ерекшелігі, еліміздің батысын орталықпен қосу арқылы жол бойындағы шалғай ауылдар тіршілігіне жан бермек, көптеген жұмыс орындары ашылады, кәсіпкерлікті дамытуға септігін тигізбекші. Темір жол бойында 13 станса және 30 разъезд ашылады. Алып құрылысқа барлығы 10 мыңнан астам адам тартылып отыр.
«Жезқазған – Бейнеу» темір жолы Еуропамен алыс-берісті ұлғайтып, еліміздің экспорттық әлеуетін арттырмақ. Жолдың жалпы ұзындығы 988 шақырым. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында бірнеше бағыттар ұсынылды. Соған байланысты кеңінен талқылаулар, зерттеулер жүргізілді. Нәтижесінде Бейнеуден Шалқарға дейін тартылған жол Сексеуіл арқылы орталыққа бағыт ұстайтын болды.
Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес «Жезқазған-Сексеуіл» және «Шалқар-Бейнеу» учаскелерінің құрылысы ең оңтайлы нұсқа болып табылады.
«Шалқар-Бейнеу» учаске құрылысының құны — 260 млрд. теңге, аталмыш учаскенің ұзындығы — 471 шақырым. Бұл күндері жол бойынша қызу жұмыстар жүргізілуде.
…Сонымен, Тәуелсіздік жылдарында салынған темір жолдар кең байтақ Қазақстанның төрт бұрышын түгел дерлік бір-бірімен байланыстырды. Қазір Ақтөбеден батысқа да, шығысқа да, солтүстікке де, оңтүстікке де пойыз арқылы сапар шегуге мүмкіндік туып отыр. Мұндай мүмкіндікті еліміздің қай өңірінде де пайдалануға болады.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ
Baq.kz