ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ

Аз ғана уақыттың ішінде әлем таныған, талайлар тамсанған, сая­си-экономикалық, мәдени-рухани орталыққа айналып үлгер­ген бас қала жөнінде көп айтуға болады. Әсіресе, қаладағы зама­науи үлгідегі ғимараттар, демалыс алаң­дары, халықтың игілігіне арнал­ған әлеуметтік нысандар, айнадай жарқыраған көшелер және басқалар жөнінде талмай сөйлей бергің келеді. Ақорда, Сенат, Мәжіліс, Үкімет үйлері, «Бәйтерек», Тәуелсіздік сарайы, Бейбіт­шілік және келісім сарайы, «Хан Шатыр», «Ас­тана арена», «Астана Опера» театры, «Қа­зақстан» концерт залы, Ұлттық музей, На­зарбаев Университет, Ел­басы кітап­ха­насы және тағы басқалар болып тізбек­те­ліп кете береді. Бұл ел астанасының саяси әрі рухани ірі орталыққа айналғанын анық аңғартады.

Бүгін біз жоғарыда аталып өткен ғи­марат­тардың арасындағы Елбасы кітап­ханасына кеңірек тоқталмақпыз. Мақ­сатымыз – осынау әйдік те әсем, мән-ма­ңызы жоғары, заманауи сәулет өнерінің озық үлгілерінің бірі санатындағы аталған нысанмен таныстыру. Аталған мемлекеттік мекеме Елбасының 2014 жылдың 13 нау­рызындағы «Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітап­ханасы» мемлекеттік мекемесінің кейбір мәселелері туралы» Жар­лығымен құрылған-ды. Құрыл­тайшысы – Қазақстан Респуб­ликасының Президенті, өкілетті органы – Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі. Оны құрудағы ниет – Қазақстан Президентінің жеке кітапханасы мен жеке мұрағатының жұмысын ұйымдастыру, еліміздің қалып­тасуы мен дамуын, осынау үде­ріс­тегі Тұңғыш Президенттің жетек­ші рөлін, оның жасампаздық-шығармашылық идеялары мен бастамаларының мазмұнын зерделеу және Елбасының бастамаларын ақпараттық-имидждік тұрғыдан ілгерілету.

Жалпы, Тұңғыш Президент кітапханасы Мемлекет басшы­сының орталығы болып тұрға­нымен ерекше. Яғни, бұл мекеме кітап­хана, мұрағат қызметімен тікелей айна­лысса да, қызметтік сипаты әдеттегі көп­шіліктік кітап­ханалардан өзгеше. Өйт­кені, бұл ны­сан – Елбасының жеке кітап­ханасы, жеке мұрағаты. Президенттік кітапханалардың тарихына үңілсек, біздегідей тәжірибе АҚШ-та ғана, оның өзі бір-ақ рет орын алыпты. Би­лік басында отырған кезінде Франклин Руз­вельт өзінің президенттік орталығын жа­сақтаған. Соның негізінде кейін оның есі­мі­мен аталған кітапхана-мұражай бой көтерген-ді. Елбасы кітапханасы орналасқан кешен – Астана қаласының мақта­нышына айналған сәулеттік туын­дылардың бірі деп толық сеніммен айта аламыз. Ғимарат 2013 жылы британиялық танымал сәулетші Норман Фостердің жобасы бойынша салынған. Жалпы аумағы – 28 мың шаршы метрден астам. Ғимарат аспанға, яғни ұшар биікке ұмтылған көз жа­на­ры тәрізді. Ол өзіндік зәулім де қайта­ланбас сыртқы келбетімен Қазақ елінің қарыштап даму бағдарын, өмірлік жолын, қуатын көрсетеді. Мұнда Мемлекет басшысының қаты­суы­мен аса ауқымды әрі зор маңызға ие халық­аралық, республикалық жиындар өткізіліп тұрады. Мәселен, 2014 жылдың 11 қара­шасында Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев «Нұрлы Жол­ –­ болашаққа бастар жол» Жолдауын осы нысанда жариялады. Сонымен қатар, Елбасы биыл өткен Президенттік сайлаудың алдын ала қорытынды мәліметтерін партияластарымен бірге осы ғимаратта тыңдады. Осыған қарап, кітапхананың қазірдің өзінде-ақ тарихи маңызды нысанға айналғанын байқауға болады. Ғимараттың 1-қабатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының жеке мұрағаты орналасқан. Ол Елбасының өмірбаяндық, шығармашылық материалдарынан, мемлекеттік және қоғам­дық қызмет барысында жиналған құжат­тардан тұрады. Жеке мұрағат қорында 127 мыңнан астам бірлік құжат жинақталған. Елбасы кітапханасының тағы бір ерек­шелігі, онда Мемлекет басшысына сый­ға тартылған экспонаттар да сақта­лады. Бүгін қорда 400-ге жуық экс­понат бар екен. Олар – сыйлықтар, Елба­сы­ның жеке заттары, өнер өнімдері, раритеттер. Дәлірегі, мемлекет және үкімет басшы­ларының, бірқатар елдердің ресми өкілдерінің, халықаралық компаниялар мен ұйымдардың, атақты мемлекет, саяси, қоғам және өнер қайраткерлерінің Қазақстан Президентіне ресми сапарлары, іс-шаралар барысында берген сыйлықтары осында сақтаулы. Елбасы кітапханасының 2-қабатында экспозиция-көрме орналасқан. Мұнда «Әлемді өзгертетін идеялар» атты интерактивтік білім беру орталығы бар. Елбасы кітапханасының тақы­рыптық-интерактивтік бөлігінің негізгі өзегі – «Президенттік экс­по­зиция». Бұл бөлімде Нұр­­сұлтан Назарбаевтың тұлғалық қасиет­тері туралы жан-жақты мәлімет ұсынылған. Тұрақты экспозицияның міндеті – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының идеяларын көрсету. Ғимараттың 3-қабатында Елбасының жеке кітапханасы орналасқан. Елбасының еңбектері Қазақстанның дамуындағы елеулі оқиғаларды, мемлекетіміздің қарышты қадамдарын айқын көрсетеді. Экспозицияны Қазақстан Республика­сы­ның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев туралы қазақстандық және шетелдік авторлардың кітаптары, сондай-ақ, еліміздің сыртқы саясатының қалыптасуы мен дамуы, шет мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынастары туралы кітаптар жалғастырады. Мәдени мұраны сақтау – Мемлекет басшысының аса маңызды бастамасы. Сондықтан да экспозициядан «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шығарылған кітаптар – «Бабалар сөзі», «Орыс, түрік, парсы, моңғол және қытай дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы» ойып орын алған. Мұнда «Әлем әдебиеті» галереясы да бар. Елбасының жеке кітапханасы қорында Нұрсұлтан Назарбаевтың 1960-жылдардан бастап жинаған кітаптары сақтаулы. «Сирек қор» коллекциясында XVIII-XIX ғасырларда әр тілде жарық көрген сирек кітаптар қойылған. «Сыйға берілген кітаптар» топтамасын Елбасымызға әр жылдары көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері тарту еткен басылымдар құрайды. Кітапханада оқырмандардың тыны­ғып, демалуы үшін барлық жағдай қарасты­рылған.

Жолдыбай БАЗАР.