ИНВЕСТИЦИЯ — ЕЛ ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРЕТІН НЕГІЗГІ КҮШ

Елбасы ел дамуының негізгі басымдықтары қатарына шикізаттық емес секторға шетелдік инвестицияларды тартуды атап айтқан еді.  Қазақстанға осы уақытқа дейін әлемнің 120-дан астам елінен 330 миллиард долларға жуық шетелдік инвестиция құйылды. Олардың басым бөлігі, яғни  50%-дан астамы – Еуропалық Одақ елдеріне тиесілі.  Мәселен, Швейцариядан – 25,8 миллиард, Франция – 16,1 миллиард, Италия – 8,7 миллиард, Нидерланды – 90,4 миллиард, Бельгия – 7,6 миллиард, Германиядан – 5,2 миллиард доллар инвестиция құйылды. Ал Америка Құрама Штаттарынан тікелей шетелдік инвестициялардың 15% яғни 48,4 миллиард доллар түседі. Сондай-ақ жалпы инвестициялардың 5%-ы Ұлыбритания мен ҚХР мемлекеттеріне тиесілі.

Азияға құйылатын шетелдік инвестициялардың 70% — дан астамы Қазақстанға тиесілі. 2009 жылы іске қосылған индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан экономикасының бүкіл құрылымын біртіндеп өзгертуде. Индустрияландыру жылдарында 1250 жаңа кәсіпорын және 300 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Әлемнің 100-ден астам елі қазақстандық өнімді тұтынушылар болып табылады. Соңғы жылдары Қазақстанда бұрын өндірілмеген бұйымдардың 500-ден астам түрін өндіру игерілді, ел 50-ге жуық жаңа тауарларды экспорттай бастады. 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегия бекітілді.

.