ТӘУЕЛСІЗДІККЕ 30 ЖЫЛ: 30 ЕСІМ, 30 ТАРИХИ ДЕРЕК: ҰЛТТЫҚ ҰСТАНЫМДАҒЫ БІЛІМ БОЛМЫСЫ
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, бүкіл адамзаттық өркениет көшінің ілгері дамуына үлес қосқанына биыл отыз жыл. Осы мерейлі межені сезінген әрбір азаматтың жүрегіне қуаныш ұялатып, игілікті ісіне жаңа серпілістер сыйлайтындығы даусыз. Тарих тағылымындағы өткенімізді екшеу арқылы бүгінгі күн тұрғысынан бағалаған соң баянды болашағымызды бағамдау ұлт перзентінің парасатты парызы.
1991 жылы республиканың дамуындағы барлық сала бойынша дербестікке қол жеткізген тағдырлы тұста мемлекет мүддесі мен ұлттық ұстанымға сәйкес жедел қолға алынған бірегей бағалы бастамалар болды. Солардың қатарында тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет еліміздің астанасында қазақ тіліндегі жаңа білім шаңырағының ашылуы еді. Құзырлы орындардың пәрменімен жаңа оқу жылының басталуына он күн қалғанда №3 орыс интернаты жабылып, орнына №159 қазақ орта мектебі ашылды. Себебі бұл ғимарат Алматыдағы ең бірінші қазақ мектебі болған ғимарат екен.
Тәуелсіздіктің арқасында сол ғимарат қазақ мектебі болып қайтадан қайтарылды. Сол мектептегі ұстаздар ұжымына басшылық жасау жауапкершілігі жүктеліп, ширек ғасыр бойы отандық білім беру ісінің даму кезеңдерінің қуаныштары мен қиындықтарына қатысқан куәгер ұстазбын. Арадағы отыз жылымыз тез-ақ өтіп кеткен сияқты. Ал шын мәнінде, әрбір алған асуымыз, игерген белесіміз аса күрделі, адамды және қоғамды қозғаушы идея ұсыну, жобалау, бағдарламалау, ұйымдастыру, жүзеге асыру, одан әрі дамыту, жаңғырту, сенім сияқты үдерістермен сипатталғанына замандастарыммен бірге қолымнан келген үлесімді қосқаным үшін бақыттымын.
Осынау ұлы істер Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып, жүзеге асырылды. Мемлекет басшысының «Жаңа буын оқулықтарын, оқу-әдістемелік кешендерін жасау және оларды тарату туралы» 1996 жылғы Жарлығына сәйкес “Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы” аталатын ғылыми-зерттеу орталығының төңірегіне озат әдіскер мектеп мұғалімдері мен үздік ғалымдардың шығармашылық еңбегі және әлеуетті баспаларды топтастырған бірлескен авторлығымен 2001 жылға қарай қысқа уақыт ішінде алғашқы жаңа буын оқу бағдарламалары, оқулықтарға қоса оқу-әдістемелік кешендер дүниеге келді.
Республиканың барлық өңірінен таңдалып алынған жетпістен астам тірек мектептері ұйымдастырылып, тыңғылықты дайындықтардан кейін түрлі сынақтан өткізілді. Қорытынды нәтижелері талқыға түсіп, сараптама жасалды. 1998 жылдан бастап бастауыш мектепке, 2001 жылдан бастап білім беру ұйымдарының негізгі және жоғарғы сатыларында пайдалану үшін ұсынылды. Қазақ мектептерінің саны отыз жылда басымдыққа ие болды. Бұған дейінгі жалпы білім беруден, әрбіреудің білім алуына көшу басталды. Ол ең алдымен тәуелсіз еліміздің ұрпақты жаңа біліммен қамтамасыз ету міндетінен туындаған жаңа білім тұжырымдамаларын, стандарттарын жасаумен айшықталды. Жаңа парадигмалар, жаңа идеялар ізімен жаңа білім мазмұны түзілді.
Белгілі бір уақыт аралығында мемлекет талап еткен тапсырма орындалып, тәуелсіз елдің ұрпақтары отандық оқулықтармен оқу мүмкіндігіне ие болды. Олар сол кездегі оқу-тәрбие саласындағы озық үлгілерге бағытталды. Мәселен, оқушыны субъект деп тану, мұғалім мен оқушының ынтымақтастығы, жаңа білім мазмұнының ел тәуелсіздігі рухын көрсете алуы, оқушылардың патриоттық рухани-адамгершілік қалыптасуын қамтамасыз ету, білімді өз бетінше алуға дағдыландыру, дамыта оқыту және тағы да басқа инновациялар қолданыс тапты. Мемлекеттік мектептермен бірқатар жекеменшік және арнаулы мектептер де пайда болды. Білім саласының бір көрсеткіші ретінде оқушылардың түрлі пәндік олимпиадаларын жобалар конкурстарын өткізу тәжірибесі қалыптасты.
Дарынды балалар үшін “Дарын” мектептері, Назарбаев зияткерлік мектептері ашылды. Жаңа білім мазмұнында оқушылар бойында құзыреттіліктерді қалыптастыруды қамтамасыз ету, ақпараттық оқытуды және технологияларын енгізу қолға алынды. Он екі жылдық мектепке көшуге дайындықтар басталды. Осыған сәйкес «100 мектеп – 100 балабақша» бағдарламасы бойынша жаңа мектеп ғимараттары көптеп бой көтерді. Мектеп бітірушілердің жоғары оқу орындарына қабылдану тәртібіне мемлекеттік тестілеу енгізілді, жеңімпаздар үшін мемлекеттік гранттар белгіленді.
Білім беруді әлемдік білім кеңістігімен үйлестіру ісі өрістеп, мамандандырылған білім беретін мектептер көш басынан көрінді. «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығында мұғалімдер жаңа талаптарға сай жүйелі түрде қайта даярлықтан өтіп, «Білім беру туралы» заңға тиісті инновациялық өзгерістер енгізілді. Мұғалімдердің жалақысы бұрын-соңды болмаған мөлшерде біртіндеп арттырылып, ғылым магистрі және докторы атағы бар педагогтерге үстеме ақы белгіленді. Мектептерді мемлекеттік қаржыландыру оқушылар санына қарай нақтылық бағыт алды.
Он жылдықтарда, тұтастай алғанда, тәрбие жұмысын білім мазмұнымен біртұтастықта жүзеге асыру ұстанымы бойынша дамытудың басымдықтары нақтыланды. Сабақтан тыс, мектептен тыс тәрбие жүйелерін жетілдіру, жаңғырту көзделді. Мектептердегі тәрбие тұжырымдамасы жасалып, 12 бағытта жүргізу ұсынылды. Ұлт көшбасшысы негіздеген Мәңгілік Ел, Рухани жаңғыру идеялары тәрбие жұмысының бағдарына айналды. Ата-аналармен тәрбие ісіндегі үйлесімдік осы бағытта дамыды. Тәрбие жүйесінде этнопедагогикаға бетбұрыс мемлекеттік тіл басымдығы, отаншылдық, толеранттылық өз бетінше өмір сүру және ұжымда жұмыс істей білу дағдылары, бәсекеге қабілеттілік, функционалдық-ақпараттық сауаттылық машықтары, салауатты өмір менталитеті сияқты құндылықтарды жас ұрпақтың өмір салтына айналдыру көзделді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» тақырыбындағы Жолдауы мен “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласының идеялары мектеп тәрбиесіне жаңа мазмұн беруге жұмылдырады. «Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр», – дей келе, ұлт болмысының сапасын арттыру мақсатында жас ұрпақ тәрбиесін қоғамдық жаңа қағидаттарға бағыттауда алты бағдар ұсынды: терең білім, еңбек етуге бейімдеу, кәсіби дағдыларын қалыптастыру, темірдей тәртіппен жауапкершіліктің бойда болуы, әділдіктен айнымау, адалдық пен ұқыптылық және тиянақтылық.
Ұлт болмысының бұл жаңа қағидаттары мектеп тәрбиесінің басты ұстанымы ретінде жаңа ізденістерге жетелейді. Ал осынау ұлы мақсаттың жүзеге асуында білім берудің мектеп буынында кезек күттірмейтін мәселенің негізгісін ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев: “Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі” тақырыбына арналған Парламенттік тыңдауда білім беру бағдарламасында ұлттық құндылық жайлы енгізуді ұсынды. – Ұлттық құндылықтарымызды азаматтарымыздың, әсіресе өскелең ұрпақтың бойына сіңірудің оңтайлы жолын табуымыз қажет. Бұл ретте негізгі салмақ білім беру саласына түсетіні сөзсіз.
Білім беру оқу бағдарламасын түсіндірумен ғана шектелмегені жөн. Біздің ұлттық танымда білім әрдайым тәрбиемен қатар жүрген. Сондықтан бала адамдық әліппесін ата-анасымен қатар мектептен үйренгені шарт. Білім мекемелері жанашыр, адал, жауапты, еңбекқор болуды ерте жастан баланың бойына сіңіруге тиіс. Сол себепті, оқу бағдарламасына ұлттық құндылықтарды дәріптеу сабақтарын қосып, оны жаңаша жасақтау мәселесін қараған жөн болар еді, – деді Мәулен Сағатханұлы. Елімізде алдағы жылдары орта білім берудің 12 жылдық жүйеге толық көшуі белгіленіп, дайындықтың жүріп жатқаны белгілі, ол уақыт талабына сай әлемдік білім кеңістігіне бағдарланады.
Міне, осы жерде Сенат Төрағасы атап көрсеткен ұлттық құндылықтар басымдық алуы қажет-ақ. Бүгінгі игіліктер ертең ескіріп қалып жатқан өзгермелі заман мектептің де икемділігін, бейімділігін қажетсінді. Білім беру ісі ол да жанды организм, үнемі күтімді, үнемі шынықтыруды, үнемі сақтауды қажет етеді. Еліміз білім беру саласының қоғамдық даму мен бір сапта, бір биікте өркендеп отырғаның қамтамасыз ете алды. Бұл, сөз жоқ, өте күрделі, өте қиын, өте жауапкершілікті іс. Ол әрбір отбасының, аймақтың, тіпті республиканың тағдырына тікелей ортақ мүдде. Сондықтан да ол әрбір отбасының, әрбір өңірдің, еліміздің үнемі назарында.
Осынау аса зор жауапкершілікті, игілікті істің ақсамай, ұлт сапасының артуында үлес болып қосылуына Білім және ғылым министрлігі мен облыстардағы басқармалардың білім мен ғылым дамуын ұтымды үйлестіріп отырған мекемелердің, мектептің, қоғамдық қауым мен ата-аналардың және мұғалімдердің ортақ табысы, қуанышы. Әрине, он екі жылдыққа көшу осыған дейінгі күрделіктерден де қиын әрі ауыр іс, алайда біздің білім беру жүйеміз бұған белгілі бір дәрежеде дайын, мұғалімдер сай деуге болады. Өзім педагогикалық қызметкер болғандығымнан, бұл орайда әліде жетілдіре түсуді керек ететін екі мәселеге көңіл аударғым келеді.
Біріншісі, 12 жылдық мектепке арналған жаңа білім мазмұны әлемдік білім кеңістігіне бағдарланумен бірқатар ұлттық мазмұнды біртұтас ұстанса деймін. Бұл 12 жылдық орта білім беру стандарттарына, оқу бағдарламаларына, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерге тікелей қатысты, әсіресе, олардың электрондық платформаларын жасауда осыны мұқият ескеру керек деп ойлаймын. Екіншісі: мектептегі тәрбие жұмысының бірінші сыныптан бастап, аяғына дейін әрбір сыныпқа жекелей арналған тәрбие жұмысының хрестоматиялары (қағаздық және электрондық) кейінге шегерілмей, оқулықтармен бірдей, бір мезгілде жасалып, ұсынылса.
Өкінішке қарай, күні бүгінге дейінгі отыз жылдығымызда арнайы тәрбие хрестоматиясының әрбір сынып бойынша жасалмау салдарынан тәрбие бағдарламалары ілгері дамымай тұр. Осыған байланысты мектепте тәрбие сағаттары үшін әр сынып жетекшісі өз бетінше керекті материалдар іздеуге мәжбүр болуда. Бұл тәрбиешінің уақытын босқа кетіріп, тәрбие сағаттарының стихиялық шалалығын тудырады, түптеп келгенде, жалпы жас ұрпақ тәрбиесінде жүйелілік жоқ екендігі ащы болса да ақиқат.
Жинақтай айтсам, өткен отыз жылда қол жеткізген білім беру саласындағы жетістіктеріміздің негізінде алдағы “Төртінші даму белесімізге” дайындығымыздың аясында 12 жылдық мектептің білім мазмұны мен тәрбие жұмысының мазмұны тиісті әлемдік – ұлттық біртұтастықта түзілуіне қол жеткізсек деген ізгі тілегімді білдіргім келеді.
Аягүл Төреқызы МИРАЗОВА,
Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның
еңбегі сіңірген қайраткері, Алматы
қаласының құрметті азаматы