ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: МӘДЕНИЕТ САЛАСЫ
Қазақстанның дамудың жаңа жолына түсуі өз кезегінде білім алу жүйесіне ғана емес, мәдениет саласына да үлкен өзгерістер әкелді.
Бірыңғай мәдени-ақпараттық кеңістік құру — Қазақстанның мәдениет саласындағы негізгі стратегиялық мақсаты. Тек осы жолмен ғана елдің рухани қуатын анықтап, дербес ұлт ретінде әлемдік қауымдастық қатарынан орын алуға болады. Бұл мақсаттың үдесінен шығудың бір жолы — қазақ халқының этномәдени тұрғыдан қайта жаңғыруы өте-мөте қажет. Бұдан бұрынғы идеологиялық жүйенің күйреуі рухани өмірдің дүр сілкінуіне, ұлттық салт-дәстүрдің табиғи жаңғыруына түрткі болды.
Республиканың бүгінгі өмірінде бұған мысал жеткілікті. Тәуелсіздік алғалы «Наурыз мейрамы» қайтадан салтанат құрды. Ол республикада тұрып жатқан барлық ұлт-ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Қазақ халқының ең көне ауызекі өнерінің бірі — айтыс жаңа дәуірге лайық қайта дамыды.
Этнопедагогика негіздерін өмірге етене енгізу нәтижесінде білім берудің барлық нүктелерінде жас ұрпақты халықтың салт-дәстүрлеріне сай тәрбиелеу жұмыстары жүргізілуде.
Әсіресе соңғы жылдары республикада ұлттық мәдениет пен өнердің озық үлгілерін әлемдік айналымға шығару, сол арқылы Дүние жүзі қауымдастығына танылу жолдары қарастырылуда. Жамбылдың 150 жылдығының аталып өтуі, 1997 жылы М.Әуезовтің 100 жылдығының тойлануы, 1999 жылы Түркістанның 1500 жылдығы кең көлемде мерекеленуі тәуелсіз жас мемлекеттің бұл бағыттағы тарихи құтты қадамдары болса керек.
2020 жылы еліміз ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтті. 10 тамыз – «Абай күні» болып жарияланды. Әрине, ғұламаға арналған іс-шаралар бір жылмен ғана шектелмейді. Дәстүрлі түрде жалғаса береді. Кемеңгердің еңбектері әлемнің 8 тіліне аударылып, шетелде Қазақстанның елшіліктері жанынан 8 «Абай орталығы» ашылды.
Былтыр 15 қазан күні Мемлекет басшысының қатысуымен Абайдың «Жидебай-Бөрлі» қорық-музейінің бас ғимаратының аумағында «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішінің және Абай музейінің жаңа экспозициясының ашылу салтанаты өтті. Ұлы ойшылдың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында елімізде Абайдың 9 монументалды ескерткіші мен бюстері орнатылды. 31 елді мекен-ауыл, ауылдық округтер, 1300 көше, 100 білім беру мекемелері Абай есімімен аталды. Барлық өңірде ұлы ақынымызға арналған 19 мыңға жуық іс-шара өтті.
Ұлыларымызды ұлықтау, олардан қалған мәңгі мұраны болашақ ұрпаққа жеткізу – ұлттық руханиятты дамытудағы жұмыстарымыздың басты бағыттарының бірі. Биыл жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығы аясында «Жамбыл жылының» шымылдығы ашылды. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы республика көлемінде аталуда.
Әрине, қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арнап ірі-ірі шараларды ұйымдастырып отырмыз. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде ұлттық мәдениетіміздің мәртебесі көтерілді. Көне Тараз, киелі Түркістан сынды шаһарларымыз жанданып, тарихи ескерткіштеріміз түгенделді. Тарихи мұрамыз сақталып, қорымыз байыды. Ұлттық өнеріміз әлемдік деңгейде паш етіле бастады. Талантты тұлғаларымыздың саны көбейді. Сондықтан тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктеріміз толайым.
Өткен жылы Алтын Орданың 750 жылдығы аясында бірқатар іс-шара жоспары жүзеге асты. Жошы және Алаша хан кесенелерінде ғылыми-қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, онда тарихи-мәдени кешен құрылды. Сондай-ақ ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу аясында Отырар қалашығында құрылыс және қалпына келтіру жұмыстары өз мәресіне жетті.
Тарихи мұраны түгендеу бойынша ең маңызды салалардың бірі – архив ісі. «Архив-2025» жобасын іске асыру бойынша кешенді іс-шаралармен қатар, «Е-АРХИВ» ақпараттық жүйесі әзірленді. Былтыр бұл жүйеге 88 мемлекеттік архив, 295 орталық және 360 жергілікті атқарушы орган қосылды. Архив ісі саласының қызметкерлерін қолдау мақсатында 22 желтоқсан – «Архивистер күні» болып жарияланды.
Тәуелсіздіктің 30 жылы мәдениет саласы үшін осындай толайым табыстармен тізбектелді.