ТӘУЕЛСІЗДІКПЕН ТҮРЛЕНГЕН ҰЛЫ ДАЛА ОЙЫНДАРЫ

Орал қаласында өткен «Ұлы дала рухы» республикалық фестивалінің тоғызқұмалақ  түрінен Батыс аймақтық іріктеу жарысы өз мәресіне жетті. Жарыста бес команда бойынша 30 тоғызқұмалақшы бақ сынады. Нәтижесінде Батыс Қазақстан облысы топ жарып, Қызылорда спортшылары екінші орынға табан тіресе, Ақтөбе аймағы үшінші орынды қанағат тұтты. Бұл іріктеуден ілінген спортшылар қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық жарыста бақ сынайды. Ежелгі көшпенділер рухы жаңғырған жоба аясында тоғызқұмалақтан бөлек қазақтың көкпар, асық ату, аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, теңге ілу секілді ұлттық ойындары да өрнек тапты.  

Биылғы фестиваль Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына арналды.  

Айтулы дода ең алдымен ұлттық спорт түрлері арқылы жастар мен жасөспірімдер арасында достық пен өзара татулық қатынастарды нығайтуды мақсат етеді. Сонымен бірге дәстүрлі құндылықтарды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру»бағдарламасы, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында жүзеге асыруды көздейді. Ұлттық спорт түрлерінен еліміздің ең үздік спортшыларын анықтайды.

Әр екі жыл сайын өткізілетін ауқымды шараның ұйымдастырылуына Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы», «Qazaq kuresi» Ассоциациясы және республикалық тоғызқұмалақ, асық ату федерациялары мұрындық болып келеді.

«Спортшылар мен төрешілерге ұйымдастырушылар тарапынан толық жағдай жасалды. Әр ойынның сәтті әрі әділ өтуіне баса назар аударудамыз. Президентіміз Қ.Тоқаев былтырғы Жолдауында бұқаралық спортты насихаттауға шақырған болатын. Осы тұрғыда «Ұлы дала рухы» жобасының алар орны ерекше деп ойлаймын. Ұлттық ойындарымыз арқылы біз сау әрі саналы ұрпақ тәрбиелеп ғана қоймай, дәстүрге берік, рухты жастардың қатарын қалыңдатамыз» дейді осы жарыстағы тоғызқұмалақ сайысының бас төрешісі, республикаға еңбек сіңірген жаттықтырушы Сәбит Сапарбеков.

Ұлттық ойындарымыз қазақтың қанына сіңіп, дәстүріне таңбаланған ұлттық мақтаныштарымыз. Кезінде көз жазып, ұмыт қала жаздаған құндылықтарымыздың қайта түрленуі, әлемдік деңгейде танылып, ұрпақтан ұрпаққа мирас боп келе жатқаны жасампаз Тәуелсіздіктің арқасында екеніне шүбәміз жоқ.

Аяулым ТАСТАНБЕК.