ЕЛБАСЫ ЕҢБЕГІ: ОҢТҮСТІКТЕН СОЛТҮСТІККЕ КӨШТІҢ БАСТАЛУЫ

Елдегі демография мәселесін шешу мақсатында мемлекет тарапынан қолға алынған оңтүстіктен солтүстікке ерікті қоныс аудару бағдарламасы қабылданды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2015 жылдан бастап еліміздің жұмыс күші аз солтүстік өңірлеріне халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтардан халықты өз еркімен қоныстандырып, оларға қажетті жағдай жасау жұмыстары басталған болатын. Бүгінгі таңға дейін қоныс аударғандардың басым бөлігі тұрғын үймен, жұмысқа қабілетті отбасы мүшелері жұмыспен қамтылған. Өз кәсібін ашамын деушілерге егін , мал шаруашылығымен шұғылдануға жер телімдері, бос тұрған ғимараттар ұсынылды.

Қазақстан Үкіметі 2013 жылы қабылдаған «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасында жұмыс күшіне тапшы аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбекке қабілетті отбасыларды көшіру туралы егжей-тегжейлі айтылған. Әр облыс аталған бағдарлама негізінде жоспар құрып, оған атсалысқандықтан күн санап оңтүстіктен солтүстікке көш түзегендердің саны артып келеді.

Жергілікті атқарушы билік еңбек жасындағы бір азаматты жұмыспен қамтуға міндеттелген. Мамандығы жоқ отбасы мүшелеріне тегін орта кәсіби білім беріледі. Қоныс аударушылардың балалары болса, балабақшаға және мектепке кезексіз қабылданады. Сондай-ақ, мал және егін шаруашылығы бойынша өз кәсібін ашқысы келетін жандарға қалаған мөлшерде жер телімі Үкімет тарапынан тегін беріледі. Ал, бизнес жоспар ұсынған азаматтарға 6 пайыздық төмен мөлшерлемемен несие беріліп, «Бизнес бастау» бойынша тегін курстардан өтуге жолдама алады.