ҚАРЖЫ РАҚЫМШЫЛЫҒЫ ЕЛДІҢ ДАМУЫНА ЫҚПАЛ ЖАСАДЫ
Қаржы рақымшылығы туралы заң 2001 жылдың сәуірінде күшіне енді. Заңдастыру механизмі қарапайым да ұғынықты еді. Азамат ақшасын банктегі арнайы шотқа аударып немесе есепке қойып, сол әрекетін айғақтайтын құжатқа ие болды. Заңдастырудың отыз күндік мерзімінен кейін ол өз ақшасына еркін иелік етуге мүмкіндік алды.
Берілген мүмкіндікті шамамен үш мыңдай адам пайдаланды. 70 миллиард теңгеден астам қаржы арнайы шоттарға есепке қойылды. Осынша қаражаттың 88 проценті қолма-қол енгізілген, ал қалған бөлігі – шетелдік
банктердегі шоттардан аударылған. Қазақстандағы қаржы рақымшылығы еуразиялық кеңістіктегі елеулі құбылыс болды. Заңдастырылған капитал елдің дамуына жұмыс істей бастады. Мұның тағы бір нәтижесі – салық төлеушілердің саны арта түсті, демек бюджет түсімдерінің ауқымы да ұлғая берді.
Капитал рақымшылығының заңды жалғасы мүлікті заңдастыру болды. 2000-шы жылдардың бірінші жартысында жылжымайтын мүлік саласындағы тіркелмеген мүліктің үлесі 30 процентті құрайтын еді. Рәсімделмеген
мүліктің едәуір бөлігі ауыл халқына тиесілі болатын. Бірінші кезекте бұл кеңшарлар мен ұжымшарларды жекешелендіру барысында фермерлердің үлесіне тиген ауыл шаруашылығы техникаларына қатысты жайт.
Қазақстан Республикасының «Мүлікті заңдастыруға байланысты рақымшылық мәселелері туралы» Заңы 2006 жылғы шілденің басында шықты. Қаржы рақымшылығы кезінде басты назарға алынған ұстанымдар
мүлікті заңдастыру барысында да қолданылды. Мүлікті заңдастыру оны иелену құқығын нақты қожайындарына табыстауға мүмкіндік берді. Енді олар ол мүлікті, мәселен, несиені қамсыздандыру ретінде пайдалана алатын
болды, мұның өзі кәсіпкерлік қызметтің дамуына ықпал жасады.