ЖАСТАРҒА СЕРПІН БЕРГЕН «СЕРПІН»
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында жаһандық деңгейдегі дағдарыс кезеңінде елдің әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін шешу тәсілін көрсете отырып, өткен ғасырдың 60-жылдарында кеңінен таралған тұтыну қоғамы тұжырымдамасының орнына балама ретінде Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ұсынды. Сонымен қатар, «Елімізде жұмыс орындарын құрып, жаңа өндірістер салып жатырмыз. Сондықтан жұмыс бар жерге бару керек» — деп атап өткен болатын. Мемлекет басшысының идеясына сүйене отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі жастарға арналған бағдарлама қабылдады. Бүгінгі таңда «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы жастарды қолдау бастамасы болып табылады.
2014 жылы Елбасының тапсырмасымен «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы басталған болатын. Алғашқы жылы бағдарлама бойынша 7 жоғары оқу орны мен 25 колледж жұмылдырылып, Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының жастары қатысты. Сол жылдары жоғары оқу орындарына 1050, колледждерге 1000 грант бөлінгенімен, маусымның аяғына дейін, бар болғаны 30 өтініш қана келіп түсіп, яғни, жоба өз мақсатына жетпей, нәтижесін берген жоқ.
Сол жылы еріктілер жиналып бұл жобаны қоғамдық бастама ретінде жүзеге асыруды көздеп, 2014 жылы «Серпін» жалпыұлттық, қоғамдық жобасы дүниеге келді. Күн кестесіндегі ең негізгі мақсат – ол жастар қызығатындай құндылықтарды ойлап табу болатын.
Бұл жобаның қажет екендігін дәлелдеу мақсатында зерттеу жұмыстары да жүргізілді. Қажеттілік жұмыс күші тапшы, экономикалық белсенділігі төмен, мамандардың тапшылығы, сонымен қатар оқу орындарында студенттердің жетіспеушілігі, жұмыс орындары мен бюджетінің қысқартылуы байқалатын облыстар мен, керісінше жұмыссыздық белең алған, туу көрсеткіші жоғары, балабақшалар мен оқу орындарындарының жетіспеушілігі, мамандықтардың ескіруі байқалатын аймақтарда туындады.
Мемлекет үшін бұл тиімді жоба, ішкі көші-қон дамып, экономикалық белсенділік жоғарылап, ішкі әлеуметтік шиеленістер төмендейді. Оңтүстік аймақтар үшін – ол бос гранттарды иеленіп, жастардың сапалы білім алуы. Қабылдаушы аймақтарға – ол жаңа мамандар, экономикалық белсенділік, ЖОО мен колледждердің толығуы, туу көрсеткішінің жоғарлауын көздеді. Яғни, басында-ақ бұл жобаның барлығына тиімді екені айдан анық болды.
Бұл жоба арқылы Оңтүстік аймақтардағы оқу орындарының жетіспеушілігін шешудің ең тиімді жолы жаңа оқу орындарын салу емес, қайта бос оқу орындарына жастарды тегін түсіріп, белсенділігі төмен аударды күшейтіп, жұмыс күшінің артуына септігін тигізіп жүрген бұл жоба, бір оқпен бірнеше қоянды атты.