ШЫМКЕНТ: БИЫЛ «SHYMKENT» ӘКК» АҚ 45 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ-ШАРТ ЖАСАСТЫ

Шымкенттегі Ақпараттық-коммунициялық орталығында «Shymkent» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Б.Канкин мен «Shymkent» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Е.Қаттабековтің қатысуымен брифинг өтті.

Баспасөз мәслихатында Б.Канкин Шымкент қаласына тартылған инвестиция бойынша мәлімдеді.

– Биыл «Shymkent» ӘКК» АҚ 45 инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін келісім-шарт жасасты. Жалпы сомасы 527,5 млрд. теңге. Жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның 22 жобасы бойынша жер учаскелеріне құқық берілді. Құқық беру сатысында 23 жоба бар. Бүгінгі таңда жер учаскелеріне берілген құқықтардан ӘКК-нің жоспарлы табысы 5,2 млрд.теңгені құрайды. Инвестиция сомасы 495 млрд. теңге және жалпы қуаты 1 769 589 шаршы метр болатын көп қабатты тұрғын үй құрылысының 25 объектісін салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді Бауыржан Тоқболатұлы.

Спикердің сөзінше, Көпқабатты тұрғын үй құрылысы саласындағы инвесторлар қатарында «BI GROUP», «ORDA INVEST», “Bazis-A”, SDN Construction, «Отау Строй», «Оңтүстік Құрылыс Сервис» және т. б. сияқты республикалық және өңірлік құрылыс нарығының ірі компаниялары бар.

Брифинг барысында Е.Қаттабеков мектептер мен денсаулық сақтау саласындағы инвестицияларға тоқталды.

– Білім беретін мектептердің құрылысы бойынша жобалар қатары 13 инвестициялық жобаны құрайды. Жалпы сомасы 25,9 млрд.теңге. Ал денсаулық сақтау саласында инвестиция жалпы сомасы 9,5 млрд теңге. Жалпы қуаты күніне 3500 адам қабылдайтын 8 Денсаулық сақтау нысанының құрылысы бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізуде, – деді Ерлан Нұрланұлы.

Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында мектептерде тапшылық 23 324 оқушы орнын құрайды. СПК өз жобаларымен бұл тапшылықты алдағы уақытта 54,4 пайызға, яғни 12 652 оқушы орнына жабады. Қазіргі таңда 1 600 оқушы орнын жапты.