ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ ЖОЙҒАН «ЖОЛ КАРТАСЫ»

2009 жылдың наурыз айындағы Жолдауда жұмыспен қамту стратегиясы елдің дағдарыстан кейінгі дамуын қамтамасыз ететін басты шарттардың қатарына енгізілді. Жұмыс орындарының жеткіліктілігі үкімет мүшелерінің
және әрбір әкімнің экономика орнықтылығын қамтамасыз етуге қабілеттілігін анықтайтын негізгі көрсеткіш болуға тиіс екені атап көрсетілді.
Сол кезде, 2009 жылдың наурызында, үкімет Өңірлік жұмыспен қамту стратегиясын және іс-қимыл жоспарын – 2009–2010 жылдарға арналған «Жол картасын» жеделдетіп қабылдады. Ұлттық қордан 350 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді.
«Жол картасы» жұмыс орындарын құруға ғана емес, көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге де мүмкіндік берді. Қаржы инфрақұрылымдарды жаңғыртуға, мектептер мен ауруханаларды жөндеуге, абаттандыру мен көгалдандыруға жұмсалды. Жергілікті билік жұмыс іздеген азаматтарды осы жобаға қатысуға шақырды.

Сондай-ақ іс-қимыл жоспары жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу мен салуға қатысты қоғамдық жұмысты да қарастырды. 1929–1933 жылдардағы АҚШ-тағы ұлы күйзеліс кезінде Ф.Рузвельт жүргізген «жаңа курстың»
баламасы іспетті осы тәжірибе Қазақстанда 2008 жылы басталды. Кешенді шараларды іске асырудың арқасында 350 мыңнан астам қазақстандық жұмыспен қамтылып, жаппай жұмыссыздыққа жол берілген жоқ. Сонымен бір мезгілде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесі жұмысының тиімділігі артты, әлеуметтік нысандардың жағдайы жақсарды, ал көлік инфрақұрылымы қосымша дамуға мүмкіндік алды.
«Жол картасын» іске асыруды Елбасы жеке өзі қадағалап отырды. Бұл дағдарыс кезеңіндегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға да белгілі бір дәрежеде жол ашты.