ҰЛТТЫҚ КОД — ҰЛТТЫҢ ТАРИХЫ
Ұлттық код — ұлттың тарихы, ғасырлар бойы қалыптасып, дамыған салт-дәстүр, тіл мен дінге қатысты бабалардың ұстанымы мен қасиеті. Міне, соларды сақтап, одан әрі дамыту жаһандануға қарсы тұратын ұлттық иммунитет. Бұл — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болшаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрініс тапты. Ендеше, ұлттық тарихты тереңірек сезініп, тарихи жадыны тереңінен қалыптастырудың маңызы ерекше.
Ұлттық код дегеніміз – ұлттық болмыс. Яғни, бір халықты басқа халықтан ажыратып, танытатын және сол халықтың әлем қауымдастығы алдында басқаға ұқсамайтын таным-түсінігі мен бітім-болмысын айқындап тұратын сипаты. Бұл сипаттың ерекшелігі – дара халықтың жаратылысындағы айырықша антропологиялық генезисінен бастап, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан дәстүр-салты, мінез-құлқы, арман-мұраты, тілі мен ділі, тұрмыстық-шаруашылық негіздеріне дейін толық қамти алуында. Бір сөзбен айтқанда, этностың тұтастығын сақтап тұрған кілтінің бүтін болуы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодты сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», деп атап өткен еді.