ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: ҰЛТТЫҚ МҰРАЛАРЫМЫЗ — ЮНЕСКО ТІЗІМІНДЕ

333Қазақ тәуелсіз ел болғалы ұлтты таныту, ұлттық жадыны сақтау және түлету, ұлттық болмысымызды бүтіндеу деген маңызды мәселелерді бір сәт естен шығарған емес. Отыз жылдық белестің биігінде тұрып, өткенге көз салсақ, осы бағытта қыруар іс жасалғанын байқаймыз. Үлкен жетістіктеріміздің бірі — ұлттық мұраларымыздың ЮНЕСКО тізіміне енуі, БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының нысандары қатарына енуі. «Қазақ күресі», «Наурыз», «Жұқа нан дайындау дәстүрлері» және «Аңшы құстармен аң аулау» сынды дәстүрлеріміз — қазақтың «бренді» деуге болады.

2011 жылы  Қазақстан материалды емес (рухани) мәдени мұраларды қорғау конвенциясын ратификациялап, келесі жылы заңды түрде қолданысқа енгізді. Осы уақытқа дейін 10 элемент адамзат мұрасы ретінде ЮНЕСКО тізімінде тұр.

  • 2014 жыл

Қазақстан атынан екі өтінім жіберілді. Бірі «Қазақтың дәстүрлі күй өнері» (1) болса, екіншісі «Қазақ пен қырғыздың киіз үй дайындаудағы дәстүрлі білімдері мен дағдылары» (2) деп аталды.

«Қазақтың дәстүрлі күй өнері» қазақтың домбырада күй тарту өнеріне арналған. Негізгі мақсаты – байырғы күй орындау мәнерді сақтап қалу. Элементтің мұрагерлері ретінде күйші қауым көрсетілген.

«Қазақ пен қырғыздың киіз үй дайындаудағы дәстүрлі білімдері мен дағдылары» элементі халықаралық жоба ретінде таныстырылды. Тізімде көрсетілген ақпаратқа сәйкес, Қазақстанмен қатар Қырғызстан да киіз үй құру өнерінің иесі саналады.

  • 2015 жыл

Бұл жылы бір ғана ұсыныс жолданған. «Айтыс өнері» (3) мұрасын Қырғызстан мен Қазақстан бірлесе дайындап өткізген. Нақтырақ айтсақ, адамзаттың мәдени мұрасы ретінде де халықаралық өтінім деп көрсетілген.

  • 2016 жыл

Бұл жылы төрт бірдей элемент (үшеуі халықаралық) тізімге енген. «Қатырма нан жасау өнері» (4) деп ұсынылған элементтің халық арасында басқаша да атаулары бар деп көрсетілген: жұқа нан, шелпек, жұқпа нан, жай нан, қамыр, пәтер, бәтер, бәтер нан, қаттама нан, қатпарлама, кұдай нан. Бұл элементті Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия бірлесіп дайындаған. Осы өнерді меңгерген барлық адам мұрагер деп танылады.

«Қазақ күресі» (5) ұлттық спорт түрі ретінде қазақ халқы арасында кең таралған деп көрсетілген. Жыл сайын әлем және Азия/Еуропа чемпионаттарымен қатар, ел ішінде «Қазақстан барысы» турнирі өткізіліп тұратыны баяндалған.

Ал «Наурыз мерекесі» (6) Ауғанстан, Әзербайжан, Үндістан, Иран, Ирак, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркия, Түркіменстан, Өзбекстан мемлекеттеріне ортақ мұра ретінде көрсетілген.

Осы жылы тағы бір халықаралық жоба ұсынылды. Біріккен Араб Әмірліктері, Аустрия, Белгия, Чехия, Франция, Германия, Венгрия, Италия, Қазақстан, Корей Республикасы, Монғолия, Марокко, Пәкістан, Португалия, Катар, Сауд Арабиясы, Испания, Сирия сияқты барлығы 18 мемлекет ұжымдаса өткізген «Құсбегілік өнер» (7) материалды емес (рухани) мәдени мұра деп танылды.

  • 2017 жыл

Бұл жылы Қазақстан атынан тағы бір мұра тізімге қосылды. «Асық ату» (8) деп аталатын ойын түрі ежелден қазақ даласында қолданыста болғанын және қазіргі таңда халық арасына насихаттап жүрген «Асық ату» федерациясы жайында атап өтілген.

  • 2018 жыл

«Қазақ жылқы өсірушілерінің көктемгі мерекелік салт-дәстүрлері» (9) ата салтты ұстап жүрген халық білімі жайында. Анкетада көрсетілген мәліметке сәйкес, халық ішінде бұл элемент «Қымыз мұрындық», «Бие байлау», «Айғыр қосу» деп те атала береді екен.

«Қорқыт Ата: эпикалық мәдениет, халық аңыз әңгімелері және әуендері»  (10) элементі халықаралық ұсыным ретінде жіберілген.

Бұл жұмыс Елбасының Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы аясында қолға алынып отыр. Мәдени мұраларымызды қастерлеу, оны кейінгі ұрпаққа аман жеткізу – баршамызға ортақ міндет. Ұлттық болмыспен үндескен ұлы құндылықтарымыз жаңа дәуір тоғысында жаңа биікке көтерілуге тиіс. Рухани мұраларды сақтау – гуманитарлық саясат пен мемлекет тұтастығының негізі.