«ТУҒАН ЖЕР» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ МӘНІ МЕН МАҢЫЗЫ
«Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі» — деген еді Елбасы өзінің «Рухани жаңғыру» мақаласында.
Туған жерге деген сүйіспеншілік нені білдіреді, жалпы бағдарламаның мәні неде? Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарды жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға аса мән беруді, тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектептерде туған жердің тарихын оқудан көрініс табатыны белгілі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ білуі тиіс.
Елбасы «Туған жер» бағдарламасының мән-мағынасын, мазмұнын, мақсатын түсіндіре келе, жалпы білім беру саласында өлкетану жұмыстарының жүргізілуіне ерекше назар аудару қажеттігін айтып өтті. Орта мектептерде туған жердің тарихына назар аударылатын болады.
«Жақсының бары білінбейді, жоғы білінеді» дейді ғой, ауылдың шаңын аспанға көтеріп, шалғынына аунап өскен қазақ баласы үшін туған жердің орны тіпті бөлек. Ауылың аттам жерде болса, аунап-қунап қайтарсың, алыста, оның үстіне замана сызықтарының арғы жағында болса қайтерсің? Ұшқан құстай зымырап бара жатқан осынау алмағайып уақытта туған жер тағылымын қайыра, қайта еске салған, құндылығын құнттаған бұл бағдарламаға неге қуана үн қоспасқа!? Кез келген азамат хал-қадірі келгенінше туған жеріне қол ұшын беретін болса, оның өркендеуіне үлес қосатын болса, Елбасы қозғаған бағдарламаға қосқан елеулі үлесі болмақшы. Ендеше, Елбасы айтпақшы, ендігі сөз – ел азаматтарында, яғни біздерде.
Жалпы, «Туған жер» бағдарламасы тек ауыл-аймақты дамытумен шектеліп қалмайтын жоба екенін түсінуіміз керек. Бағдарламаның ауқымы әлдеқайда кең және мақсаты да ұлттың рухани құндылықтарын дамытуға бағытталған.
«Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі», – дейді Елбасы өзінің мақаласында. Яғни, бұдан былай әрбір мектепте Қазақстан тарихымен бірге «Өлкетану» пәні де қосарланып өткізілуі мүмкін. Бұл өз кезегінде баланың туған жерінің тарихымен жетік танысып, оның бай мұрасын зерттеуге деген сүйіспеншілігін арттыруы мүмкін. Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Халық тарих толқынында» атты бағдарламасында осы өлкетануға қатысты көп тоқталған.
«Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға елім деген әр азамат үлес қосуы керек. Халқымыз «Отан — отбасынан басталады» дейді. Яғни, Отанды сүюдің іргетасы алдымен туған жерге деген сүйіспеншіліктен қаланады. Сондықтан мемлекет басшысы ұсынып отырған «Туған жер» бағдарламасын көп болып, қолдап алып кету керек. Бастысы жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс. Бұл жұмысты өз бетімен жіберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсіндіру қажет. Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек. Бұл жерде де көп жұмыс бар. Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жоғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады. Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге — Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады», деп жазды Елбасы.