ЕЛБАСЫНЫҢ МЕТАЛЛУРГ МАМАНДЫҒЫН ТАҢДАУЫ

Бозбала Нұрсұлтан тек өз сыныбындағы ғана емес, мектептегі ең үздік оқушының бірі болды, сабақты зор ынта-ықыласпен оқыды. Ол өзінің аса құштарлығын білетін ағайын-туыстары әкеп берген кітаптардың бәрін оқып шығуға жан-тәнімен кірісті.

Жас кезінде Іле Алатауының баурайында жазғы демалыс күндерінде әкесіне көмектесіп жүргенде тұңғиық жұлдызды аспан астында жанған алау маңына түнеген романтикалық сәттері де болды. Әке-шешесі осы өлкеде ежелгі заманда өмір сүрген бабалардың берік түп-тамырынан сыр шертетін салиқалы әңгімелер айтып, жан-дүниені тербейтін әндер шырқайтын. Кез келген қазақ білмеуі ұят саналатын жеті ата туралы айтылатын. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, қазақтың өткені мен болашағын жалғап келе жатқан халықтың осы бір ауыр, бірақ үйлесімді тіршілігінің мәңгі және аса мәнді екенін сезінетін.

Ол, әсіресе, ежелгі аңыздар мен бабалардың наным-сенімдері туралы үлкендер айтатын әңгімелерді ықыласпен тыңдайтын. Кейінірек Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кітаптарының бірінде былай деп жазды: «Кейінгі кезде өзінің «пролетарлық» тегімен көкірек қағу басқа бір нәрсенің салқынымен алмасты: қайткенде де өз тегінен «ақсүйектік» қасиет іздеп табу етек алды. Ондай біздің тұқымда болған емес. Мен – қойшылардың ұлымын, немересімін және шөбересімін. Демек, ешқандай ақсүйектер әулетінен емеспін. Менің ата-бабаларымның бәрі де Алатау баурайында өмір сүрген».

Кейінірек оның әулетінде әйгілі адамдар болғаны анықталғанына қарамастан, Нұрсұлтан Назарбаев әрқашан өзін халық арасынан шыққан, халыққа жан-тәнімен жақын адам деп есептейді және қазір де солай ойлайды.  Халқының қаны бір перзенті ретінде ол бұл сезімнен ешқашан арылған емес, қайта жыл өткен сайын еселей түсті.

Ол сонымен қатар өзін нағыз қазақ, бабалар мәдениеті мен салттарының мұрагері, жаңа формацияның, әркімнің алдынан бұрын болмаған мүмкіндік ашатын ғылыми-техникалық прогрестің ілгері басқан жаңа дәуірінің адамы ретінде сезінді. Халықтың дәстүрлі танымы мен жаңа индустриялық дүниетаным оның жан-дүниесінде үйлесе тоғысты.

Қаскелеңдегі Нұрсұлтан бітірген орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі Сейітхан Исаев жас ұланның білімге құштарлығын және ақылдылығы мен алғырлығын бірден байқайды. «Ол ең үлгілі оқушы болды. Сабақты ұйып тыңдайды, оқу бағдарламасынан тыс сұрақтар да қояды. Мұғалімнің әр сөзіне мән береді. Кітаптан бас көтермейтін, үнемі оқып отыратын».

Нұрсұлтанның балалық және жастық шағы ұзаққа созылған жоқ.  Мектепті бітіріп, 18-ге таяған Нұрсұлтан өз қатарластарының арасында терең білімімен, ой-өрісінің кеңдігімен ерекше көзге түсті. Тынымсыз еңбек, спортпен жүйелі айналысу оны тығыншықтай етіп, шыңдап шығарды. Ол құрбы-құрдастарына қарағанда әлдеқайда ересек сияқты көрінетін. Бірақ оны ерекшелеген басты нәрсе – пікір айтудағы және әрекет етудегі дербестік пен жетекшілікке тұрақты ұмтылыс еді. Ол құрбы-құрдастарымен алғаш танысқан сәттен бастап, тіл табысып кете беретін. Өз ортасының ұйтқысы және қоғамдық ұйымдастырушысы болды. Әзіл-қалжыңға бейім болды, әнді жақсы айтатын, елдің көңілінен шығып, өз ортасын тез үйіріп әкете білді.

Сол кезде оның тағы бір қыры ашылып, прагматизмге қадам басты. Теміртаудағы металлургия комбинатының құрылысына комсомолдарды жинап жатқанын білген соң, Нұрсұлтан металлург болуға бел буды.  
Нұрсұлтан ертерек еңсесін тіктеп, өз ахуалын жақсартып, ата-анасына, туған-туыстарына материалдық тұрғыдан көмектескісі келді. Өйткені, ол отбасындағы үлкен ұл еді.

Жас Назарбаев ауқымды құрылыста жаңа үлкен өмір басталатынын, алдан жеке мүмкіндіктер мол ашылатынын қапысыз сезінді. Ол өз өміріне, өз тағдырына өзі иелік етуге бел байлап, түбегейлі шешімге бекінді.

Теміртауға келген соң, ол болашақ металлург ретінде Украинаға, Днепродзержинск қаласындағы Днепр металлургия комбинаты жанындағы кәсіптік-техникалық училищеге оқуға жіберілді.

Нұрсұлтан шыныққан шымыр жастардан іріктелген домнашылар тобына қосылды. Жас Назарбаев бұлшық еті мен мінезінің мықтылығын спортта, балуандардың боз кілемінде дәлелдей білді.

Осындай жекпе-жектердің бірінде ол өзінің әріптесі, жергілікті украин жігіті Николай Литошконың жауырынын жерге тигізді.  

«Миколаның» әдепкідегі таң қалуы кейіннен құрметке ауысып, қазақ Назарбаев пен украин Литошко арасындағы мызғымас достыққа ұласты. Нұрсұлтан Литошко отбасының жиі барып тұратын қадірлі қонағына айналды.
Днепродзержинскідегі бір жарым жылдық оқу мерзімі тез өте шықты.  

1959 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Кәсіподақтардың бүкілодақтық орталық кеңесі (ВЦСПС) ұйымдастырған жарыста жеңімпаз атанды. Сөйтіп, ол училище бітіргенде металлургтің қиын да күрделі мамандығын игеріп қана қоймай, Украинаның спорт шебері атанды.

Табандылығы мен қайсарлығы өзі таңдаған мамандық бойынша барлық пәнді үздік игеруге жол ашты. Сондай-ақ, жас Назарбаев оқу бітіретін кездегі біліктілік емтихандарынан үздік баға алып, «домна пешінің сегізінші разрядты екінші горновойы» куәлігін иеленді.