ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЕЛБАСЫ АТАНУЫ
Өміріндегі бетбұрысты сәт оның 1972 жылы өзіне етене жақын Қарағанды металлургия комбинатында партия комитетінің хатшысы лауазымына тағайындалуы болды. Ол 30 мың адам жұмыс істейтін Қазақстан ауқымындағы аса ірі кәсіпорында комбинат директорынан кейінгі екінші тұлғаға айналды.
Бұл зор жауапкершілік жүктеген еді, оның ауыртпалығын көп ұзамай-ақ толық сезінді. Тек партиялық жұмыстармен ғана емес, өндіріспен, өнім шығару жоспарымен, жөндеу және құрылыс мәселелерімен, кәсіпорынды жабдықтаумен, көптеген адамның тұрмыстық, баспаналық, мәдени және отбасылық істерімен де айналысуға тура келді.
Ол өзімен бірге өзгелердің де ой-санасы ашылып, бүкіл ел ояна бастағанын байқады. Әйгілі 1986 жылдың желтоқсаны Қазақстан үшін «жылымық» кезең болғандай еді, бірақ республиканы Г.Колбин басқарған аз ғана жылда одақтық орталық өктемдік көрсетіп, қайта құрсаулап тастады. Бірақ уақыт ағынын тоқтату мүмкін емес еді. Өзгерістер пісіп-жетілді. Оқиғалар барған сайын жеделдей түсті.
КСРО-да 1989 жылғы көктемде алғашқы рет мемлекеттік биліктің ең жоғары органының баламалы негіздегі сайлауы болып өтті. Мәскеуде 1989 жылғы маусымда реформалардың қажеттігі, идеология мен экономиканың түйткілді мәселелері қызу талқыланған КСРО халық депутаттарының бірінші съезі болды. Халық депутаттарының съезі біте салысымен, Геннадий Колбин Мәскеуге жұмысқа ауыстырылды. Қазақ КСР Компартиясының Орталық Комитеті 1989 жылғы 22 маусымда бірінші хатшы лауазымына Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады. Оған пленумға қатысқан 158 адамның 154-і жақтап дауыс берді.
Сол 1989 жылғы шілдеде Қарағандыда экономикалық қана емес, саяси мақсат көздеп, Семей полигонын жабу туралы талап қойған шахтерлер ереуілі басталды. Назарбаев ереуілшілердің талаптарын қолдады – ол адамдардың орталық ведомстволар монополиясына деген наразылығын жақсы түсінді. Дәл солар сияқты ол өзі де Қазақстанның экономикалық дербестігін, зардабы зор сынақтардың тоқтатылуын қалайтын.
Демократиялық үдерістер КСРО республикаларында жаппай еңбекшілер бірлестіктерінің құрылуына алып келді. Қазақстандағы ең алғашқы және мейлінше қатары қалың қозғалыстың бірі 1989 жылы құрылған, түпкі мақсаты Семей полигонын және Қазақстан аумағындағы өзге де сынақ орындарын жабуды көздеген «Невада – Семей» экологиялық қозғалысы еді. Бұл қозғалыс та Нұрсұлтан Назарбаевтың қуатты қолдауына ие болды. Барша қазақстандықтардан жаппай қолдау тапқан оның күш-жігері керемет табысқа жеткізді – халыққа қасірет әкелген Семей полигоны біржола жабылды.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Президенті лауазымын белгіледі.
Нұрсұлтан Назарбаев республиканың Жоғарғы Кеңесі сессиясында Қазақстан тарихындағы тұңғыш президент болып сайланды.
1991 жылғы 1 желтоқсанда республика президентінің алғашқы бүкілхалықтық сайлауы өтіп, оның барысында Назарбаев сайлаушыларының толық қолдауына ие болды.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақ КСР атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы заң қабылдады және Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімін өткізді.
1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі республиканың мемлекеттік тәуелсіздігін жария етті. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісті.
Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірі басталды.
Ардақты ұлын ұлықтаған ұлағатты ұлтымыз айнымас басшысының еңбегін жоғары бағалады. Қазақстан Республикасының қайта қабылданған Конституциялық заңы негізінде 2010 жылы 15 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Елбасы (Ұлт Көшбасшысы) мәртебесі берілді.