ЕЛБАСЫ — ТАРИХИ ТҰЛҒА
Тамыры терең тарихымызды парақтар болсақ, қазақ халқы қашаннан-ақ еңселі ел болуды армандап, мақсат тұтқанын байқаймыз. Тіпті осы мұрат жолында ұлтымыздың талай арыстары өз өмірлерін сарп етті емес пе? Сонымен қатар, өз мемлекеттерін дамытуда қолтаңбаларын қалдырған тұлғалардың рөлін де жақсы білеміз. Айталық, Америка құрама штаттарының атағын шығарған Джордж Вашингтон, Ресей империясының өсіп-өркендеуіне атсалысқан Ұлы Петр, қазіргі Түркия мемлекетінің негізін қалаған Кемаль Ататүрік елінің еңсесін көтеруде ерен еңбек етті.
Осындай тұлғалардың қатарына Қазақстанды нұрлы жолға бастаған Н.Ә.Назарбаевты да жатқызуға болады. Н.Ә. Назарбаев тарихи тұрғыдан алғанда аз уақыттың ішінде Қазақстан Республикасының егемендігін жариялап, оны дұрыс даму жолына түсіре білді. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасы өзін бүкіл әлемге паш етті, өркениетті мемлекеттер қатарына қосылды. Спорттағы, өнердегі жетістіктерімізді айтпағанның өзінде, ішкі тұрақтылықтың арқасында сыртқы саясатымыз беки түсті. Былайша айтқанда, аса күрделі жағдайда ел тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің көреген саясаткер, елін елдікке бастаған аса дарынды реформатор, халқын шын сүйетін тарихи тұлға екендігін көрсете білді.
Иә, біздің Елбасы — қалың қазақтың мақтанышына айналған, ел игілігіне қызмет етіп жүрген біртуар дара тұлға десем артық айытқаным болмас.
Бұл пікірмен тек біз секілді қарапайым қазақстандықтар ғана емес, бүкіл халықаралық қауымдастық Қазақстан көшбасшысының саясаттағы сарабдал жолын жоғары бағалап, оның есімін стартегиялық ойлау қабілетін иеленген мемлекет қайраткері деп даңқты тарихи тұлғалармен қатар қоюда.
Бүгінгі таңда әлемнің ірі саясаткерлері Назарбаевқа жоғары баға беріп, оны Ататүрікпен бір қатарға қояды. Шынында да, аз уақыттың ішінде көркейіп, гүлденген жас мемлекетіміздің тарих үшін көзді ашып жұмғанмен тең кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев ірі экономикалық және саяси реформаларды өткізді, ата-баба арманын жүзеге асырды. Қазақстан ядролық қару-жарақтан бас тартты. Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғыз елдерімен тығыз байланыс жүргізіліп, әлем картасында «қазақ» елі пайда болды. Өз шекарасында, өз Конституциясымен, Мемлекеттік рәміздері — Әнұраны, Туы және Елтаңбасымен өз тағдырын шешкен қазақ халқы сарабдал басшының жемісті жұмысына шын риза. Бұл тарихи ақиқат.