ШЫНДЫҚҚА АЙНАЛҒАН БАТЫЛ ЖОБА
АӨСШК бұл халықаралық ұжымдық құрылым түпкі мақсаты бойынша жалпыазиялық ұйымдар тапшылығының орнын толтырып, келісім мен ынтымақтастықтың өзара ықпалдастық кеңістігі мен айқын механизмін құруға
тиіс еді. Осы жоба арқылы тәуелсіз жас Қазақстан жаһандық әлемге қадам жасады. АӨСШК құру бастамасын әуелден-ақ Ресей, Қытай, АҚШ, Германия, Жапония, Иран, Түркия, Австралия қолдады.
2002 жылдың 4 маусымында Алматыда Қазақстан, Ресей, Қытай, Пәкістан, Түркия, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан президенттері, Үндістан мен Әзербай жанның премьер-министрлері, Иранның, Египеттің, Израильдің және Палестинаның өкілетті тұлғалары, БҰҰ мен ЕҚЫҰның бақылаушы-мемлекеттері өкілдері қатысқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің І саммиті өтті. Басшылары алғашқы
тарихи жиынға қатысқан 15 мемлекет Азия аумағының 90 процентін алып жатқан-ды, ал олардың халқының саны 3 миллиардқа жуықтайтын немесе ғаламшарымыздың барлық тұрғындарының жартысына жуығы еді.
АӨСШК форумының алғашқы жемісі 2002 жылы Үндістан мен Пәкістан сияқты екі ядролық державаның арасы салқындап кеткен кезде, олардың диалогын қалпына келтіру болды.
АӨСШК І саммитінің басты оқиғасы – АӨСШК-нің ұйымдастырушылық негіздеріне, Азиядағы болашақ қауіпсіздік институттарына жол ашқан Алматы актісін жариялау болды. Кеңеске қатысушылар менің АӨСШК Хатшылығын құру туралы ұсынысымды қабыл алды.
2002 жылдан бастап АӨСШК құрамы кеңейе түсті. 2010-шы жылдардың басына қарай тұрақты мүшелердің саны Бахрейн, Вьетнам, Иордания, Ирак, Камбоджа, Моңғолия, БАӘ, Корея Республикасы, Тайланд сияқты елдердің қосылуымен жиырма төртке дейін ұлғайды. АӨСШК елдері әлемдік ІЖӨ-нің үштен бірін қамтамасыз етіп отырды. Бақылаушылар қатарына Бангладеш, Катар, Филиппин және Араб мемлекеттері лигасы қосылды.
ХХІ ғасырдың басындағы күрделі халықаралық ахуал кезінде өткен АӨСШК І саммиті Қазақстанның сыртқы саясатының үлкен жетістігіне айналды және әлемдегі халықаралық қатынастардың жаңа кезеңі бола алды.
2004 жылдың қазанындағы АӨСШК Сыртқы істер министрлерінің кездесуінде азиялық және әлемдік дипломатияда теңдесі жоқ бірегей құжат – Сенім шараларының каталогі қабылданды. Құжатта қауіпсіздік, дау-дамайларды бейбіт шешу және қарулануды бақылау мәселелері бойынша Азиядағы көпжақты ынтымақтастық тұңғыш рет қарастырылды.
2006 жылдың 17 маусымында Алматыда АӨСШК ІІ саммиті өтті. Оған Қазақстанмен бірге, Қытай, Ресей, Пәкістан, Өзбекстан, Ауғанстан, Әзербай жан, Тәжікстан және Қырғызстан басшылары, Тайланд премьер-министрі, сондай-ақ Түркия, Израиль, Моңғолия, Корея Республикасы, Үндістан, Иран, Палестина, Египеттің өкілдері қатысты. Саммит декларациясында Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың өзекті мәселелеріне жалпы көзқарас, мәселелерді шешуде әмбебап тәсілдерді қолдануды дамыту жөніндегі ұсыныстар көрініс тапты. Кеңестің практикалық құрылымдануын жүйелеуге қатысты негізгі құжат – АӨСШК Хатшылығы туралы келісім қабылданды. Алматы қаласында АӨСШК штаб-пәтері ашылған соң, оның институттарының нақты қалыптасу үрдісі басталды.
2010 жылы Қазақстанның ұсынысымен АӨСШК төрағалығына Түркия тағайындалды. АӨСШК мемлекеттері мен үкімет басшыларының ІІІ саммиті 2010 жылдың 8 маусымында Ыстанбұл қаласында өтті. Оған 9 елдің мемлекет және үкімет басшылары, 6 вице-президент, вице-премьер және парламент спикері, 14 министр мен арнайы өкілдер қатысты. 16 халықаралық ұйым өз өкілдерін жіберді.
АӨСШК-нің өсу және даму үрдісі Кеңестің ашықтығын, сұранысқа ие екендігін және өміршеңдігін көрсетті. Бүкіл әлем алдында АӨСШК форумы болашағы зор, макроөңірлік бірлестік ретінде танылды.