ҰҚШҰ-ДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН

Өңірдегі және әлемдегі күрделі ахуалға байланысты 2002 жылдың 14 мамырында Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімімен ҰҚК – ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы) халықаралық ұйымы болып өзгертілді. 2002 жылдың 7 қазанында Кишиневте ҰҚШҰ жарғысына қол қойылды. Ол 2003 жылдың қыркүйегінде күшіне енді. ҰҚШҰ міндеті бірлесе отырып, әскери-саяси басқыншылардан, лаңкестік ұйымдардан
және табиғи апаттардан қорғану болып белгіленді.
ҰҚШҰ-ның тәжірибелік маңызды міндетінің бірі – есірткі тасымалының жолын кесу. 2003 жылдан бастап ұйым аясында есірткіге қарсы «Канал» операциясы жүргізіліп келеді.

2007 жылдың қазанында Душанбеде өткен ҰҚШҰ саммитінде бітімгершілік күштер құру туралы келісімге қол жеткізілді.
ҰҚШҰ-ны нығайту үшін жасалған келесі қадам – Ұжымдық жедел ден қою күштерін құру шешімі болды. Ол 2009 жылдың ақпанында құрылды. ҰЖДК сыртқы агрессияны тойтаруға, терроризммен және экстремизммен,
есірткі тасымалымен, қару контрабандасымен, трансұлттық қылмыспен күреске ұдайы жауынгерлік әзірлікте болатын күшке айналды.

2013 жылдың 30 қаңтарында Астанада Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы әуе қорғанысының Біртұтас өңірлік жүйесін құру туралы келісімге қол қойылуы және оның штабы Алматыға орналасуы Қазақстанның қауіпсіздігін нығайтудағы маңызды қадам болды.

2006 жылдан бастап Қазақстан Қарулы күштері (Қазбат) пен НАТО күштерінің бірлескен «Дала қыраны» бітімгершілік жаттығулары өткізіліп келеді.
Қазақстанның ҰҚШҰ жұмысына белсенді араласуы және НАТО-мен серіктестігі ұлттық және өңірлік қауіпсіздіктің нығаюына жол ашты, жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісіне маңызды үлес қосты.