Ауылдың жерін алып алған депутаттар өздері игермейді, не халыққа бермейді
Танысы мен табысы бар, қолы ұзын шенеуніктер мен депутаттар жалғанды жалпағынан басып, ауылшаруашылық жерлерін мыңдаған, миллиондаған гектарлап жалға алып, оны не өздері игермей, не елге бергізбей жүрген жағдайлардың барлық аймақта кездесіп жүргені мені қынжылтады және жұртшылықтың наразылығын да тудыруда.
Соның ішінде мен бүгін өз ауылым, өз ауданым, туған жерім, шекаралық аймақ — Райымбек ауданындағы жер жағдайы туралы, нақтырақ айтсақ, бір депутаттың 30 мың гектарға жуық жерді ұзақ мерзімге жалға алып, бірақ оны игермегені туралы айтқым келіп отыр.
Басынан бастасақ, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты (бәлкім бұрынғы) Нұрлан Ергешбай деген азамат 09.11.2009 жылы бір күнде «Райымбек-НАН» (ЖСН: 091140004976) және «Кеген-НАН» (ЖСН:091140005042) атты екі жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрады.
Алматы облысы, Райымбек ауданының сол кездегі әкімі А. Айтжанов 23.07.2010 жылы өзінің №379 қаулысымен «Райымбек-НАН» серіктестігіне 15 342,17 гектар ауылшаруашылық жерін 20 жыл мерзімге жалға береді. Қаулы негізінде 18 жер теліміне пайдалану актісі жасалады.
Дәл сол күні, яғни 23.07.2010 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданының сол кездегі әкімі А. Айтжанов өзінің №380 қаулысымен «Кеген-НАН» серіктестігіне 12 646,29 гектар ауылшаруашылық жерін 20 жыл мерзімге жалға беріп, 34 жер теліміне жер пайдалану актісі жасалады.
Сөйтіп, Нұрлан Ергешбай жалғыз құрылтайшысы болып тіркелген «Райымбек-НАН» мен «Кеген-НАН» серіктестіктері Райымбек ауданының бірнеше ауылдық округінің жер қорынан 27 988,4 гектар жерге ие бола қалады.
Ең негізгі мәселе, аталған серіктестіктер 27 988,4 гектар жерді жалға алғалы бері, яғни 8 жыл ішінде мүлде игерген емес.
Сөзімнің дәлелі болуы үшін бірнеше жағдайға назар аудартайын. Мәселен, Райымбек ауданы әкімінің 10.02.2014 жылғы №11 өкімімен пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау туралы арнайы комиссия құрылып, тексерулерден кейін 10.08.2014 жылы «Райымбек-НАН» серіктестігінің 14922,43 гектар жерді пайдаланбай отырғаны туралы акт жасап, оған сол кездегі Райымбек ауданыны әкімінің бірінші орынбасары Қ. Төлепбердиев бастаған 12 адам қол қояды. Демек, бұл «Райымбек-НАН» серіктестігі 4 жыл бойы жерді пайдаланбаған деген сөз.
Аталған актіден кейін Райымбек ауданы жер қатынастар бөлімі 29.12.2014 жылы №346 ескертуін серіктестікке жолдайды. Онда серіктестіктің жерді пайдаланбай Жер кодексінің талаптарын бұзып отырғандығын көрсетеді.
Дәл сол комиссия «Кеген-НАН» серіктестігінің де жерді пайдаланбай отырғандығы туралы арнайы акт жасап, Райымбек ауданы жер қатынастар бөлімі 29.12.2014 жылы №347 ескертуін «Кеген-НАН» серіктестігінің басшыларына тапсырады.
Ең қызығы, содан бері тағы 4 жыл өтіп кетіпті. Ал, «Райымбек-НАН» мен «Кеген-НАН» серіктестігі кезінде егістігі жайқалып, мыңғырған мал жайылған жерлерді игермей келеді.
Оған дәлел, Райымбек ауданының 12.12.2016 жылғы №106 өкімімен пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау туралы топ құрылып, тексеру нәтижесінде 12.06.2017 жылы №2 акт жасалған. Ол актіде серіктестіктердің жерді пайдаланбай отырғаны нақты көрсетілген.
Кейбір ресми дәлелденбеген, бірақ ақпарат құралдарында жарияланған ақпараттарға қарағанда Нұрлан Ергешбай мен оның туған бауыры Иембердиев Ерлан Ергешбайұлының алған және пайдаланбай отырған жерлері тек бұл емес көрінеді. Олар тағы басқа 10 нан аса серіктестік құрып, Алматы облысының, Жамбыл облысының бірнеше аудандарынан ірі көлемде жер телімдерін жалға алғанға ұқсайды.
Ол аз десеңіз, ел ішінде ағайынды Иембердиевтер жалға алған жерлерін кепілге қойып, БТА банктен $65 млн. алған деген де әңгіме бар. Ол қаржының қандай мақсатқа алынғаны, қалай жұмсалғаны туралы қазірше менде ақпарат жоқ. Алайда, сол $65 млн. үшін қай облыстардың қанша гектар ауылшаруашылық, оның ішінде егістік, жайлымдық жерлерінің банктерде кепілдікте тұрғаны мені алаңдатады.
Екінші жағынан өзімнің туған ауылым-Шалкөдеде ағайын-туыстар ұлтарақтай жер ала алмай отырғанда, «Кеген-НАН» серіктестігі алақандай ауылға тиеселі аз ғана жердің едәуір бөлігін жалға алып алған. Енді оны не серіктестік пайдаланып немесе пайдаланбаса мемлекетке өткізбейді, не ауыл тұрғындары алып, пайдасына жарата алмайды.
Нақтырақ айтсақ, тек Шалкөде ауылдық округының жер қорынан бұрынғы әкім А. Айтжановтың бір ғана №380 қаулысымен, кадастрлық нөмірі № 03-050-004-099 мемлекеттік актісімен алынған 245 га.егістік, № 03-050-002-059 мемлекеттік актісімен алынған 305 га.егістік, № 03-050-002-060 мемлекеттік актісімен алынған 989 га.егістік, № 03-050-002-061 мемлекеттік актісімен алынған 142 га.егістік, № 03-050-002-058 мемлекеттік актісімен алынған 230 га.егістік жерлері, барлығы 1911 гектар егістік алқап «Кеген-НАН» серіктестігіне беріліп кеткен. Бұл Шалкөде ауылдық округіне қарасты бар жоғы 4933 гектар егістік жердің жартысына жуығы екенін байқауға болады және «Кеген-НАН» серіктестігі жалға алған жерлер ауыл іргесіндегі су келетін жер екенін де айтпасқа болмайды. Құжатта егістік жер деп белгіленіп, бірақ су бармайтын жер көлемінің біршама екенін ескерсек, «Кеген-НАН» серіктестігі Шалкөде ауылының тұрғындарын ең шұрайлы, ең тиімді, суарламы егістіктерінен айырып отыр. Сөйтіп ауылдың іргесіндегі суармалы егістік жерді ауыл тұрғындарының өзі пайдалана алмай зардап шегуде.
Оның сыртында бірнеше ауылдың негізінен егістік жерлері ағайынды Иембердиевтердің иелігінде тұр.
Ал, Алматы облысының әкімі, облыстық жерді пайдалану мен қорғалуын бақылау басқармасы бұл жағдайды білмей ме, әлде білсе де көз жұмып отыр ма белгісіз.
Кейбір білетіндер Иембердиевтердің артында Парламент депутаттарының отырғанын айтуда. Олардың ішінде Ерлан Иембердиевтің «Kazexim group», «Маис Агро» серіктестіктерінде бірге істегендері де бар дейді. Көп ұзамай олардың да аты-жөні анықталып қалар.
Қазірше ауыл жұртшылығының, ауылдастарымның жан айқайын ҚР Премьер-министрінің орынбасары-Ауылшаруашылық министрі Өмірзақ Шүкеевке жолдаймын.
Өмірзақ Естайұлынан Алматы облысы әкімдігінің, Райымбек ауданы әкімдігінің, облыстық, аудандық прокуратура өкілдерінің, ауыл белсенділерінің қатысуымен арнайы комиссия құрып, министрліктің инспекторын жіберіп, мұқият тексертіп, мыңдаған гектар жерді халық игілігіне қайтару шараларын ұйымдастыруды сұраймын.
Нұрлан Нығматулин мен Қасым Жомарт Тоқаев мыңдаған гектар ауылшаруашылығы жерлерін алып алып, не өздері пайдаланбайтын, не халыққа бермейтін депутаттарға қашан тосқауыл қояды екен деген де сауал тұр көкейде. Заңды белден басып жүрген депутаттарды не партия, не халық жөнге сала алмаса жер тағдыры, ел тағдыры не болмақ?
Ауылды дамытып, ауылшаруашылық өнім өндірушілерді қолдау үшін ең алдымен осындай жалған фермерлердің жолын кесіп, жерді халықтың игілігіне, пайдалануына беруіміз керек.
Халыққа зиянынан басқа пайдасы жоқ заңдар шығарып, аудан, облыс әкімдеріне білгенін істетіп, жерді ат төбеліндей чиновниктер мен депутаттардың бөліп алуына тосқауыл қойып, ауылшаруашылық несиелері мен субсидияларын облыс әкімдерінің өз туыс-бауырларына, балаларына бөліп беруін тоқтатпайынша ауылдың жағдайын жақсарту мүмкін емес.
Әлде билік, Президент, Үкімет ауыл жұртын осылай жерден айырып, ауылдан көшіріп, артынан «жерге ие керек, иесіз жерді игеруіміз керек» деп шетелдіктерге бермекші ме? Биліктің пиғылы солай болса, әңгіме басқа…