АДАСТЫРҒАН АТ
Сәрсенбек қарт ауылдың ұстасы еді. Таңнан қара кешке дейін ұстаханасында балға мен темірдің шаң-шұң даусы естіліп жататын. Мінезі томаға-тұйық, өзінің орталықтағы пәкене етіп жабылған ұстаханасы мен ауылдың ең шеткі үйі, құт болған қоржын тамының арасында таңы атып, кеші батады. Шақырусыз не бір көршісінің, не құрдасының үйіне өздігінен бас сұққанды білмейді. Кемпірі Күмісайдың баптап берген қою күрең шайын ішіп, маңдайының терін шып-шып сүртіп отырады. «Осы кемпірді Құдай өзіме лайық етіп тауып қосқан» деп ойлайды іштей, ұртына қатқан құртты салып отырып. Кемпірі де ауыл-үйдің өсегін жүндей сабап, көше мен көше қыдыру дегенді жастайынан әдет етпеген. Қазан-аяғын таза ұстайтын байсалды, көргенді жан. Қажет жерінде ақты ақ, қараны қара дейтін турашылдығы да бар. Осы қасиеті үшін абысын-ажын, көрші-көлемі түгел сыйлайды.
Сәрсенбек шәй кесесін ұсына беріп, Күмісайдың күн қақтаған маңдайындағы тіке сызық болып түскен әжіміне қарады.
— Әй, Күміс, Құдай қаласа, Адасымыз әскерден келсін, шертіп жүріп таңдап, мен деген сұлуды келін қылып әкеліп береді. Қолды жылы суға салып, торқа көйлекті киіп төрде отырасың.
— Еее, сол бала аман болса жарар еді, хат жазбағалы да екі айға жуықтап барады. Құлыным аман болсын, жүрегім құрғыр жамандыққа қимайды.
— Тәйт әрі, о несі ей, ай-күннің аманында жамандықты шақырып, хат жазбаса мүмкіндігі болмай жүрген шығар, Иркутск деген орыс жерінің бір қияны, жазған хаты жолда келе жатқан шығар. Қайтатын күні болса жақындап қалды. Жамандықты шақырма, одан да жақсы қыз болса құлағыңды түріп қарастыра жүр. Келе салып үйлендірмесек. Сосын бар ғой, ұстахананы да, басқаны да қойып, немеремді жетектеп жүрем,- деді кесесін төңкеріп шығып бара жатып.
— Ееее, көп жасағыр шалым-ай, ниетіңе жет, ниетіңе,- деп кемпірі соңынан дауыстап қалды.
***
Күмісай Құдайдың берген қызын да, ұлын да туды. Сегіз құрсақ көтерді. Шалы да болмысынан балажан. Бірақ, бірі сүзектен, бірі қызылшадан, көз тигені, әлде сөз тигені белгісіз, балаларының барлығы жастай шетінеп кетті. Жасы қырықтың бесеуіне келгенде туған баласына шалы ырымдап «Адас» деп ат қойды. Ажал оғы тура тимей адасып кетсін, өмір-жасы ұзақ болсын деген ниетпен қойды. Аллаға шүкір, Адасы ат-жалын тартып жігіт болды. Әне, азамат болып әскердегі борышын өтеп жүргеніне екі жылға жуықтады. Ай құрғатпай амандығын білдіріп хат жазады. Пошташының төбесі көрінгеннен кеукілдескен қариялар қуанышқа кенеледі. Самаурынға шәйін қойып, дастарқанға құрт-майын жайып, пошта таситын Мұсаны құда күткендей күтіп алады. Тек соңғы екі айда сол пошташы бұлар жаққа ат ізін салмады. Күні бойы қолы істе болғанмен көңілі қай-қайдағы қиырларды кезіп кетеді.
Осы баласына ат қойғанда ауыл-аймақ түгел «Адасы несі? Елде жоқ атты қайдан тапқан?» деп беттерін шымшысқан.
***
Жалғызы нағашыларына тартып болмыс-бітімі ірі, мінезі орнықты, көпшіл, қақ-соқпен ісі жоқ, сырбаз жігіт боп ержетті. Баласына Сәрсенбектің ылғи айтатын ақылы: «Балам, елдің алды болма көз тиеді, соңы болма сөз тиеді деген бұрынғылар, құрдастарыңмен қарайлас боп, қатарыңнан қалмасаң жетеді, қарағым» дейтін. Сондағысы — елдің орташасы болса да аман жүрсе болды дегені. Бала оның байыбына барсын ба? Бәйгеге түссе озып, күрессе жығып, қарсыласының жауырынын жерге тигізбесе жаны тыныш таппайтын. Өтірікке жастайынан жаны қас. Әскерге кеткенше ауылдың маңдайалды бозбаласы боп танылып қалған.
Иркутскке жібереміз депті өкімет, таңдауға ерік берілмеген, «нар тәуекел, ер мойнында қыл арқан шірімес». Кете барды. Қол бұлғап, көз жасын бір-бірінен жасырып қарт ата-ана қалды. Шығарып салғандағы кейіптері көз алдынан кетпейді. «Адасжан, қайда жүрсең аман бол, құлыным» деп қалтырай шыққан анасының үні де әлі құлақта.
***
Борыш аяқталуға жақын. Бір-екі айда алыста қалған ауылдарына қайтады. Көңілде қуаныш, көкіректе сағыныш. Осындай күндердің бірінде командирден «Ертең ағаш кесу жұмысына барасыңдар» деген бұйрық келді. Құшағы жетпейтін жуандықтағы алып бөренелерді бес-алты жігіт жабылып, әрең құлатады. Жан-жағынан балталап, құлауға жақын қалғанда арқан байлап, өздері алысқа барып тұрып тартады. Өзі зорға ілініп тұрған бөрене бес-алты жігіттің күшіне шыдамай гүрс етеді. Тағы бірін жығуға аз қалғанда ағаш өздігінен қисайып, өз салмағымен құлап түсті. Жан ұшыра барлығы бас сауғалай қашты. Шетке барып тұрған соң, шаңы басылған аймақтан ағаш астында жаншылып жатқан Адасты байқады. Өң мен түстің арасында өрт сөндіргендей күйге түскен жолдастары ағашқа арқан байлап қозғалтты. Әупірімдеп әрең дегенде шығарып алды. Жайлап байқаса ес-түсінен айырылғаны болмаса кеудесінде жаны бар көрінеді. Дереу госпитальға жеткізді. Басынан алған ішкі жарақаты жазылғанша бір айдай уақыт өтті. Күннен-күнге денсаулығы түзелуге бет алғанмен, ауыр соққы әсерінен жадын жоғалтыпты. Кім екені, ауылы қайда, әке-шеше, жақындары, достары жайлы есінде ештеңе қалмаған.
***
Госпитальдан шыққан соң бір орыс қызымен бас қосып, өмір бойы сонда қалған екен. «Атымды Адас деп қойған екен, өмірім адасумен өтті-ау» деп, өткенін еске түсіре алмай қиналып, өле-өлгенше арманда кетіпті.
***
P.S. Баламызға ат қойғанда абай болайық. Есім де адам өміріне өз ықпалын тигізбей қоймайды екен.
Нұрила БАТЫРБЕКҚЫЗЫ.