АЭС ҚҰРЫЛЫСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА СЕРПІН БЕРЕДІ
Бүгін Халықтық штаб мүшелері Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылына барды. Ауыл тұрғындарымен әңгімелесу барысында Штаб мүшелері атом энергиясын пайдаланудың артықшылығы туралы айтты. Еліміздің энергетикалық инфрақұрылымы ескіріп, станциялардың 70%-ы тозып тұр. Энергия тапшылығы әсіресе оңтүстік өңірлерде анық сезіледі және Түркістан облысының тұрғындары осыған байланысты бірқатар проблемаға тап болуда.
Мәселен, жылыжай салуға поляк инвесторларын тартқан Сайрам ауданының шаруалары көкөніс өндірісін толық қуатта іске қоса алмағанын мәлімдеді. Бұған себеп – тұрғын үйлердің өзіне әрең жетіп тұрған әлсіз қосалқы станция. Ал АЭС-тың тұрақты электр энергиясы мұндай мәселелерді шешіп қана қоймай, барлық ауылды жылдамдығы жоғары интернетпен және үздіксіз мобильді байланыспен қамтуға мүмкіндік береді.
«Біз көрші мемлекеттердің энергия жүйесіндегі жұмыстың сапасына ішінара тәуелдіміз. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көзі қажет. Сондықтан АЭС салу мәселесі еліміз үшін өзекті болып отыр. АЭС тек дамыған елдерде ғана бар. Одан қорқудың қажеті жоқ. Бізде осыған қарай ұмтылуымыз керек. Бұл – болашақтың жобасы. Біздің балаларымыз келешекте жарық, жарқын өмір сүруі қажет. Тек бірге ғана елдің болашағын жасай аламыз. Сондықтан, баршаңызды алдағы референдумда АЭС салуға дауыс беруге шақырамын», – деді Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов.
Бұған қоса, АЭС ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға да әсер етеді, Еуропа елдерінің нарығына қолжетімділікті кеңейтеді. 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге тиіспіз. Бұл дегеніміз, тауарлар мен қызметтерді өндіру барысында көмір пайдалануды барынша азайту қажет. Әйтпесе, оған әлемдік нарықта қосымша салық салынады. Яғни, қазақстандық өнім қымбаттап, оны сатып алушылар азаяды болады деген сөз.
АЭС бұл мәселені шешеді, себебі атом станциялары төмен операциялық шығындармен және көміртегі шығарындыларынсыз тұрақты энергиямен қамтамасыз етеді, бұл оларды энергетикалық қауіпсіздікті және парникті газ шығарындыларын азайтуды көздейтін елдер үшін тартымды етеді.