ӘЙЕЛДЕР ТЕМЕКІГЕ ҚАЛАЙ ӘУЕСТЕНДІ?
Жарнама жасау арқылы табысын 500 млн долларға жеткізген Альберт Ласкер өмірінің соңында неге өкінді? Қайырымдылық жасау арқылы қандай қатесін түзеткісі келді?
Америкадағы жарнама саласының бүтін бір ғасыры «Альберт Ласкер ғасыры» деп аталады. Себебі, өтпей тұрған тауарлар, плантациядағы шіруге айналған жемістер, дүкен сөресінде айлап жататын гигиеналық құралдар жарнамасын Ласкерге жасатқан кезде, саудалары жанданып, сатылымдары біреше есеге өсетін.
ХХ ғасырдың басы. Апельсин егуші шаруалардың айы оңынан туған кез. Жеміс көп. Жылдағыдан. Жаңа технологияның арқасы. Алқап толы апельсин көздің жауын алады. Әйтсе де, дәл осы кезде шаруаларды «Кімге сатамыз?», «Қайда өткіземіз?» деген мәселе мазалады. Көмекке копирайтер, жарнаманың жілігін шағатын Альберт Ласкер келді. «Апельсин С дәруменіне бай. Таңертеңгі уақытта шырын қылып ішкен пайдалы» деп жарнамалады. Құрғақ сөзбен шектелмеді. Чикаго университетінде тәжірибеден өткізіп, көз жеткізді. Шырын сұранысқа ие болды. Арада жүздеген жылдар өтті. Әлі де америкалықтардың таңын апельсин шырынынсыз елестете алмайсыз. Бұл әдет Еуропаға да кең етек жайды.
Бірақ, жарнамашыға тек пайдалы өнімдерден ғана ұсыныс түсе бермейтін. Бірде «Lycky Strike» темекі өндіруші компаниясы қызметіне жүгінді. Альберт копирайтерлік қызметіне сай бірден нарықты зерттеуге кірісті. «Темекіні шегуші кімдер? Қалай сатылымын ұлғайтса болады?» деген сауалдарға жауап іздейді. Және осы бағытта игерілмей жатқан бір нарық бар екенін анықтайды. Ол – әйелдер. Яғни, өткен ғасырда Америка жерінде де әйелдер мүлдем темекіге әуес болмаған.
Ласкер «тың игергендей» жаңа аудиторияны жаулап алу үшін қарқынды жұмыстар жүргізеді. Елге белгілі жұлдыздарды суретке түсіріп, «Темекі мені толып кетуден сақтайды», опера әншілерін «Темекі менің даусымды сақтаудағы тамаша көмекшім» деген сөздерімен афишаларға, белгілі журналдарға шығарады. Әр жерден жалт-жұлт еткен жарнама ырқына бағындырмай қойсын ба? Ақыры Америкалық әйелдерді темекіге әуестік жеңді. Тіпті, бұл қоғамда өзін тәуелсіз, еркін сезінетін әйелдердің әдеті деген ұстаным қалыптасты.
Ласкер жарнамашы міндетін мінсіз атқарды, әйтсе де осы жерде айтпай өтуге болмайтын бір әттеген-айы бар. Осы аз уақытта өзінің әйелі де шылым шегушілердің қатарын толықтырып үлгерген еді. Ақыры Альберттің ханымы қатерлі дертке шалдықты. Бүкіл жиған-тергенін салса да сүйген жарын ажалдан арашалап алып қала алмады. Және өмірінің соңына дейін осы үшін өкініп, дүниесінің бір бөлігін «қатерлі дертке шалдыққандарды қолдау» қорына аударып отырды.
Байқап отырғанымыздай, әр оқиға соңы мақсат-мұратына жеткізетін «хэппи ендпен» аяқтала бермейді. Осындай қауіпті жарнамалар миымызға қозғау салып, санамызға соққы бермес үшін не істеген жөн? Сіз қалай ойлайсыз? Зат сатып аларда жарнамада көрген бейнеңіз жылтыңдап көз алдыңызда тұра ма? Әлде, суық ақылмен заттың пайда-зиянына мән бересіз бе?
Нұрила БАТЫРБЕКҚЫЗЫ.