АҚИҚАТТЫҢ АЛДАСПАНЫ

АҚИҚАТТЫҢ АЛДАСПАНЫ

Халық қаһарманы, даңқты қолбасшы, мықты стратег Бауыржан Момышұлының отты жылдардағы ерліктері ел аузында аңыздай тараған. Жаңбырша жауған оқтың астында 200 рет ұрысқа қатысып, соның барлығында жауынгерлерін шеберлікпен басқарып, шепті бұзғанын әскери еңбектерінен білеміз. Біз бұл жазбамызда батырдыұлттық құндылықтарға қандырып өсірген бастауы, ақиқат алдындағы адалдығы жайлы сөз етпекпіз.

БАТЫРЛЫҚТЫҢ БАСТАУЫ

Баланың қандай болып ержетері, есейгенде қай қиырдан көрінетіні атаның қанымен, ананың сүтімен, әженің әлдиімен берілетін қасиеттерге, бала күнінен алған тәлім-тәрбиеге тікелей байланысты.

Бауыржан дүниеге келген кезде 90 жастан асқан атасы Имаш:

Алатаудың қыраны мол еді –

Қырағы болсын, құлыным.

Қойнауы суға мол еді –

Бұлағы болсын, құлыным.

Елінің тілегі зор еді –

Шырағы болсын, құлыным.

Ата тілегі оң еді –

Құмары болсын, құлыным.

Бұл жер батырлар төрі еді –

Сыңары болсын, құлыным, — деп бата берген екен. Өнеге мен өсиет тұнған осы сөздерден абыз ақсақалдың бейнесін аңдағандаймыз.

Әкесі Момыш еті тірі, өз бетінше тырмысып жүріп сауатын ашқан, арабша да, кирилше де хат танитын көзі ашық, қайратты, уәдеге берік кісі екен. Жастайынан ел ісіне араласып, ру аралық дауларды шешуге атсалысқан.«Әкемді жиырма сегіз жасында ауылдың старшыны сайлапты. Он жеті жыл старшын боп тұрып, он сегізінші жыл дегенде бұл дәрежесін өз ықтиярымен құрдасы Ереш деген кісіге берген екен. Әкем жарықтық өмірінің ақырына дейін ел арасында «Тура Момыш» атанып кетті» дейді батыр өз жазбасында.

Анасы Рәзия Бауыржан үш жасқа толғанда қайтыс болады. Сол кезден Қызтумас әжесінің құшағында өсті. Әжесі де бір айтқаны екі болмайтын, ауыл-аймақ «Сары кемпір» деп қадірлейтін қажырлы кісі. Дүниенің жаратылысынан бастап аңыз етіп әңгімелеп, халық ертегілеріне, қазақтың бай мұраларына қандырып өсірді. Ненің жақсы, ненің жаман екенін, нені сүйіп, неден аулақ жүруді үйретті. Әкесі арабша хат танытып, сауатын ашады. Кейінірек«Заман орыстыкі. Заманыңнан қалмау үшін орыстың оқуы керек» деп орыс мектебіне берді. Бауыржан орыс мектебінде оқып, солармен бір жерде тұрса да дініне адал, діліне берік. Себебі – діңгегі мықты.Міне, осындай шаңырақта ұлттық уызға жарып, бар жақсы қасиетті бойына сіңіріп өсті.

САЛТ-ДӘСТҮРДІҢ БІЛГІРІ

Қазақ «батырым» деп алақанына салған ардақтысымен бір ауыз сұхбаттасқысы, бір рет дидарласқысы келетін. Сондай алыс-жақыннан келетін қонақтарды келіні Зейнеп аяғынан тік тұрып күтеді. Етін асып, дастарқанын жайып, «етімен қоса ақ ниетін», «тамағымен қоса оң қабағын» беріп, мейман разы болып кетсін деп барын салады. Бірде қонақтарды ойдағыдай күтіп шығарып салған соң атасының қабағы салқын екеніңн байқайды. Дастарқанды қайта жаңалап, өздері шәй ішуге отырады. Сол кезде Баукең келініне қарап:

– Дастарханың толымды, астарың дәмді болды. Әсіресе «ұмытылған тамақ қой мыналар» деп әсіп пен сүт құйған өкпе оларға өте ұнады. Бірақ соның бәрін сен жіберген төрт қателік жуып кетті. Біріншіден, есі дұрыс қазақтың әйелі қонаққа бас көтеріп кірмейді. Жаман-жақсы болсын басиең аман. Екінші қателігің – басты шүйде жағымен әкелгенің. Қой шүйдесі емес, тұмсығын алға беріп жүреді. Үшінші қателігің – қойдың тісін қақпай әкелгенің. Бұл – ең алдымен, тазалық. Қой тісінің түбінде не жатқанын қайдан білесің?! Шөп жейтін, жем жейтін мал ғой. Содан кейін мұның екінші мағынасы бар. Қазір ұмытылған, көнекөздер болмаса, көпшілік біле бермейтін жағын да айтайын. Қазақтар – талай нәрсені ым, тұспал, ишара арқылы білдірген текті халық. Соның бірі осы қағылмаған тіске байланысты. Сыйласып жүрген екі адамның біреуі әлденеге ренжіп, бірақ соны «сөз көбейер» деп айта алмай жүрсе, өзі ренжіп жүрген адамы үйіне келгенде етпен бірге алдына тісі қағылмаған басты қояды. Сонда бас ұстаған адам: «Ә-ә, мынаның ішінде маған деген бір қыжылы бар екен, тісін басып жүріпті-ау», — деп ұға қояды. Ары қарай реніштің түйінін шешіп, түсінісуге бет түзейді. Ал төртінші қателігің – басты қасқаламай әкелгенің. Талайлар мұның мәнін ұқпайды. Ол – «төрт құбылаң тең болсын, маңдайың ашық болсын» деген ізгі тілек, — дейді. Бүгінгі күнде қаймағы бұзылмаған қазақы орталар болмаса көп жерде ескеріле бермейтін осындай салттарды, әсіресе, жас келіндерге айтып отыратын үлкендердің ұлағаты қажет-ақ.

ӘДЕБИЕТ ПЕН ТІЛ ЖАНАШЫРЫ

Баукең 1944 жылы Алматы қаласында емделіп жатып Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Әбдіхалықовқа хат жазады. Хатта сөз етілген негізгі жәйт – ТІЛ мәселесі. «Тілсізді — айуан дейді. Тілі кедей елді — мәдениетсіз, анайы, надан халық деп санайды.Тіл адам баласының негізгі қасиеті болғандықтан — тіл байлығы елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми-әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғам-құрылыстары мен салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің — мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелді мөлшері (мерило). Тілдің көмегімен өнер-білімге, мәдениет-ғылымға жетіп, өткен-кеткенмен әлемді танып, өзімізді жұртқа — әлемге танытамыз, сөйлейміз, оқимыз, жазамыз, өз басымызды, үй-ішімізді, қоғам-халықты, ел-жұртты, мемлекетті меңгереміз — сондықтан «өнер алды қызыл тіл» дегендейін, адам баласының байлығында тілден артық не бар» дей келе, Лермонтов шығармаларын түпнұсқадан асыра аударған Абай өлеңдерін мысал етеді. Және қазақ тілінің көпшілік сөйлеуге қомсынатындай көш соңындағы тіл емес, керісінше ең шұрайлы, құнарлы тіл екенін көптеген деректермен дәлелдейді. Қорыта келе партия, үкімет тіл туралы арнайы қаулы қабылдап, заң шығарып, мәртебесін бекіту қажеттігін айтады.

Майдан даласында бораған оқтың астынан бір сәт босай қалса қолына қалам алып, мүйізі қарағайдай қазақ жазушыларына хат жазып, шығармаларында артық-кем кеткен тұстарын ашық айтып отыратын. «Ұрыс даласындағы солдатты сахнаның сайқымазағына» айналдырып жібергенге жәй қарап отыра алмайтын.

Әрине, «өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық» деп санайтын батырдың өмір жолында ақиқатты тайсалмай тік айтатын мінезінің кері әсері болмай қалған жоқ. Талай рет жау тылын жарып шықса да «Халық қаһарманы» атағы өмірден кеткен соң ғана берілді. Атағы болмаса да ар алдында адал болды. Тек биікте самғаған қырандай маңғаз да мәрт көңілді батырдың ө3мір жолына көз жүгірте отырып ұсақтар ұмытылып, ірілер тарихпен бірге ілгері басатынына көзіміз жете түскендей.

Нұрила ШЫНӘДІЛОВА.